ЕҢБЕК АДАМЫНА – ЕРЕКШЕ ҚОЛДАУ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты. Нақтырағы «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» деп атап өтті.

Жасыратыны жоқ, ел арасында өз кәсібін жетік білетін, салаға сіңіріп жатқан еңбегі орасан азаматтар көп. Мәселен, Шымкент қаласында ауыл шаруашылығының дамуына барынша жағдайлар жасалған. Климаты да егінге қолайлы. Қала берді, биыл көктем ерте шықты. Сәйкесінше, ауыл шаруашылығының қыр-сырын қанық білетін еңбек адамдары қызу іске кірісіп те кеткен. Солардың бірі — «АгроСервис БМБ» шаруа қожалығының құрылтайшысы Манасбай Бекбауов. Көктемгі дала жұмыстарына кірісіп кеткен кәсіпкердің білгені мен түйгені көп. Өз сөзінде ол «Қожалығымызда 3 мың гектар жер бар. Биыл осы жерлерді толық игеріп, 400 гектарына арпа, 600-ге жуық гектарға мақсары, 150 гектарына жоңышқа, қалған жерге бидай тұқымдары себілді. Жеріміз тәлімді болғандықтан егіннің бітік болуы көктемгі жауынға байланысты. Қазір бидайға көктемгі тырма салынуда. Ауыл шаруашылығына қажетті мемлекеттік қолдаудың барлығын алып жатырмыз. Жылына осы жерге 200 тонна дизель отыны жұмсалады. Бүгінге дейін көктемгі дала жұмыстары үшін 10 тонна жанармайды жеңілдетілген бағада алдық. Алайда мемлекеттен берілетін қолдауға өз уақытынан кеш қол жеткіздік. Қажетті жанар-жағармай уақытында берілсе құба-құп болар еді» дейді.
Шаруаның қамын, егіннің жайын жақсы білетін азамат мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерден де хабары бар. Жалпы Шымкент қаласында бұл бағытта жемісті жұмыстар атқарылып келе жатыр. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруда егін шаруашылығы үшін мемлекеттік қолдауға жергілікті бюджеттен 143,2 миллион теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 122 млн теңгеден астамы минералды тыңайтқыштың құнын субсидиялауға, ал тұқым шаруашылығын дамытуға 20,4 млн, пестицидтердің, биоагенттерді сатып алуға 6 млн теңге қаралған. Шымкентте жалпы 3500-ге жуық шаруа қожалық бар. Бүгінде көктемгі дала жұмыстарымен 100-ден аса қожалық айналысып жатыр. Егіс алқабындағы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген бағада 1000 тонна жанармай қаралған. Қазіргі уақытта 310 тонна дизель отыны шаруаларға үлестірілген. Сәйкесінше, көктемгі дала жұмыстарына қажет барлық жағдайлар жасалып жатыр. Ендігі міндет шаруа қожалықтарының еншісінде.
Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығын дамытуды тапсырған болатын. Өз кезегінде, аталған саланың дамуы үшін саланың мәселесін жетік білетін еңбек адамдарына қолдау көрсетілуі керек. Міне, сонда нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады.