ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫН ҚОРҒАУ: ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТТАРЫ БЕРІЛДІ

Әлемде орын алып жатқан геосаяси оқиғалар мемлекеттердің экономикасына ауқымды түрде әсер етті. Күрт шарықтаған қымбатшылықтың салдарынан халықтың табысы азайды. Бұл дамушы мемлекеттерге ғана тән құбылыс емес. Күллі жаһан жұртшылығы осы бір қиындықты көріп жатыр. Өз кезегінде, халықтың кірісін арттыру бағдарламалары жасалып, жұмысын бастап та кеткен. Ол қатарда Қазақстан да бар.

Тарқатар болсақ, «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасында» 10 негізгі бағыт белгіленген. Соның бірі – табыстың сатып алу қабілетін қорғау. Жасыратыны жоқ, еліміздегі инфляция шарықтап барады. Бұл айлық жалақысын тиындап жинап, баспаналы болғысы келетін азаматтарға ауқымды зиян келтіріп отыр. Дегенмен мемлекет тарапынан қолға алынған шаралардың арқасында бұл мәселеден айналып өтуге болады. Мәселен, жуырда Шымкентте 130 тұрғын қайтарымсыз сертификат арқылы баспаналы болды. Оның ішінде көпбалалы отбасылар саны – 51, ерекше бала асыраушы отбасылар – 64, толық емес отбасылар саны – 11, бюджеттік ұйым қызметкерлері – 4.
Қазіргі таңда тұрғын үй сертификатына өтінімдер қабылдау жалғасуда. Бұл жеңілдікке азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ» бағыттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу барысында банк мақұлдауын алғаннан кейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін өтінім жолдай алады. Тұрғын үй сертификатының талаптарына сәйкес қайтарымсыз 1 млн теңге әлеуметтік көмек ретінде өтініш берушінің және отбасы мүшелерінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен соңғы 6 ай ішінде орташа табысы 125 757 теңгеден аспаған жағдайда беріледі. Зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдар есептелмейді.