АДАМ САУДАСЫНА ЖОЛ ЖОҚ
Бүгінде әлемдегі ең ауқымды мәселенің бірі адам саудасы болып отыр. Жаза қатаң болғанымен, заңнан айналып өтіп, қылмысты кәсіп қылғандардың қатары сиремей тұр. Мұның өзі азаматтардың өзін қоғамда еркін әрі қауіпсіз сезінуіне кері әсер етіп жатқаны бесенеден белгілі. Тарқата баяндайық…
Адам саудасына қатысты елімізде жылына шамамен 100-ден астам қылмыс тіркеледі екен. Өткен жылдың алғашқы 4 айында адам саудасы бойынша 30-ға жуық факті тіркеліп, 3 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталған. Ал БҰҰ мәліметіне сәйкес, әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 пайызы – әйелдер мен жас қыздар. Ал әрбір үшіншісі – балалар. Осы орайда, аталған қылмыс түрімен күрес қарқынды жүруде. Мәселен, Шымкент қаласының Полиция департаменті ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту, жеңгетайлық, сондай-ақ жыныстық қанау мақсатында адам саудасы фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысын қала прокуратурасы уақтылы бақылауға алып, қадағалау тәртібінде нұсқаулар берді.
Қылмыстық топтың ұйымдастырушылары 3 апалы-сіңлілер — 2017 жылдан бастап 11 адамнан тұратын қылмыстық топты ұйымдастырған. Сапалы прокурорлық қадағалаудың нәтижесінде осы қылмыстық істің шеңберінде оларға қатысты Қылмыстық кодекстің әртүрлі баптары бойынша 27 қылмыстық іс тіркелген. Қылмыстық істер бойынша 20 жәбірленуші анықталған, оның ішінде алтауы – кәмелетке толмаған. Барлық 11 күдікті адам қамауға алынған. Оларға қатысты қылмыстық іс бойынша прокурормен айыптау актісі түзіліп, іс сотқа жолданды.
Қорыта айтқанда, елімізде өзгенің өмірімен ойнап, кәсіпке айналдырғандарға жаза қатаң. Күрес те қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл мәселемен күресуді құзырлы органдарға ғана артып, қимылсыз отыруға әсте болмайды. Қоғам ретінде келеңсіздікпен күреске үлес қосу қажет. Яғни заңсыздықтар жайын білген жағдайда полицияға хабарлаған жөн. Міне, сонда қоғамымызды қауіпсіз етуге бір табан жақындай түспекпіз…