ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ – ҚОҒАМ дЕРТІ
Отбасындағы жанжалдан басталып зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттерден зәбір көретіндердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Қылмыстық статистика бойынша соңғы үш жылда тұрмыстық әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайыздан асқан. Ішкі істер министрлігі соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдейді. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде тұрмыстық жанжал көрсеткіші 41,7 пайызға өскен.
Сондықтан аталған қылмыс түрімен күрес елімізде, оның ішінде үшінші мегаполисте қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары отбасындағы ұрыс-керістің алдын алу және жолын кесу, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және отбасының қоғамдағы рөлін нығайту бойынша ұдайы түрде іс-шаралар ұйымдастырып, жұмыс атқарады. Мәселен, Абай ауданының Полиция басқармасы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция подполковнигі Айнұр Қарабаева отбасындағы жанжалдан зардап шеккен азаматшаны қабылдады. Әйелге құқықтық көмек көрсетілді, сондай-ақ заңның талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аталған заңға сәйкес, жәбірленушінің арызы бойынша құқық бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Нұсқамаға сәйкес, азамат ішкі істер органдарына профилактикалық есепке қойылып, онымен отыз күн бойы профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Яғни оның тұрғылықты жеріне учаскелік полиция инспекторы ұдайы барып, тексеріп тұрады, профилактикалық сұхбаттар жүргізеді. Құқық бұзушы қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған жағдайда тиісті жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл ғана емес, қалаға қарасты өзге аудандарда да отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Мұның өзі еліміздегі жалпы жағдайды жақсартуға сеп болары анық.