ҰСТАЗДАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН КӘСІПОДАҚ ҚОРҒАЙДЫ

Кез келген ұжымның жұмысы жемісті болуы үшін әрбір қызметкердің құқығы қорғалуы тиіс. Өз кезегінде, әрбір жұмысшының құқығын қорғау мақсатын көздейтін кәсіподақтар жұмыс істейді. Тек оның қызметі жемісті болғанда ғана нәтиже шығады. Жалпы Шымкентте бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар көп. Тарқатайық…

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына байланысты, ақпан айының соңы мен наурыз айының басында Шымкент қаласындағы №89 ІТ мектеп-лицейінің директоры Қасымбай Атабаев пен кәсіподақ комитетінің төрағасы Абдурахман Нуримовтың қатысуымен мектеп ұжымында жиын өткен болатын. Жиналыста еңбек қатынастары туралы мәселелер қаралып, оның ішінде ҚР Еңбек кодексі мен «Кәсіптік одақтар туралы» заңынан түсініктемелер беріліп, қызметкерлердің құқын қорғау мақсатында мекемеден бастауыш кәсіподақ ұйымын ашу қажеттілігі және «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының құрамында болуының ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы толық мағлұматтар берілген еді.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Шымкент қаласындағы «№89 ІТ мектеп-лицейі» мемлекеттік мекемесінің ұжым мүшелері толығымен, яғни жалпы мектеп ұжымында жұмыс істейтін 268 қызметкер, оның ішінде 220 педагогтар мен 48 техникалық, кіші қызметкерлер «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының құрамына кәсіподақ мүшесі болып кіруді ұйғарған. Ағымдағы жылдың 7 наурызында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесхановтың, мемлекеттік мекеменің жұмыс берушісі — мектеп-лицейдің директоры Қасымбай Атабаевтың және мекеменің жұмыскерлері атынан кәсіподақ комитетінің төрағасы Абдурахман Нуримовтың арасында өзара қарым — қатынастар жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған келісімшартқа қол қойылып, тараптар бір-біріне нәтижелі жұмыстар атқаруға сенім білдірді. Аталған басқосудан кейін мектеп басшылығы кәсіподақ көшбасшысына еңбек адамын қалыптастыру мақсатындағы ұстаздардың жүргізіп жатқан жұмыстарын таныстырды.