БАСТАМА ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫНА СЕП БОЛМАҚ
Бүгінгідей әлемдік геосаяси жағдай ушығып тұрған уақытта экономикаға ауқымды зардаптар тиюде. Өндіріс қысқарып жатыр. Логистикалық тізбектің бұзылуымен бірқатар өзекті мәселелер орын алуда. Нәтижесінде жұмыс орындары қысқаруда. Әлеуметтің әлеуеті артудың орнына кері кетіп барады. Осындайда халықтың тұрмысын түзеуді мақсат еткен елімізде қандай жұмыстардың атқарылып жатқаны баршаға қызық. Жасыратыны жоқ, бүгінде еліміздің бірқатар өңірлерінде инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Солардың жарқын мысалы ретінде Шымкентте қолға алынып жатқан шараларды атап айтуға болады. Тарқатайық…
Алдағы уақытта үшінші мегаполисте өңіраралық инвестициялық форум жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов «SHYMKENT INVESTMENT — 2023» өңіраралық инвестициялық форумында айтып өтті. Жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен өткен аталған форумда Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласына инвестициялық түсімді арттыру, экономикалық тұрғыда дамыту мен өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Жиында сөз алған шаһар басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы «Бүгін Ұлыстың ұлы күні қарсаңында оңтүстік өңірдегі әріптестеріміздің басын қосып, ауқымды іс бастап отырмыз. Бүгінгі инвестициялық форум Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының экономикалық тұрғыда дамып, өзара ынтымақтастықта ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Форум аясында күні кеше өңірлердегі өндіруші кәсіпорындар арасында көрме-жәрмеңке өтті. Онда біз шекаралас өңірлердің мүмкіндіктерімен таныстық. Сонымен қатар форумға шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлер де қатысып отыр. Кездесулер барысында кәсіпкерлеріміз тәжірибе алмасып, жаңа жобаларды жүзеге асырудың оңтайлы әдіс-тәсілдерін қарастырады деп сенеміз. Шымкентте бүгінде 5 индустриалды аймақ 867 гектар аумақты алып жатыр. Онда 350-ге жуық жоба жүзеге асырылып, бүгінде индустриалды аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Сондықтан жалпы ауданы 860 гектарды құрайтын тағы 5 индустриалды аймақ салынып жатыр» деп атап өтті.
Өңірлердің дамуына тың серпін беретін жиынға ҚР Сыртқы істер вице-министр А.Айдаров, Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Б.Атамқұлов, Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Р.Жошыбаев және шетелдік әлеуетті инвесторлар, отандық бизнес-қауымдастық өкілдері, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, қаржы институттары қатысты. Ал форумның арнайы қонағы ретінде халықаралық «Fitch Ratings» сарапшылық компаниясының өкілі шақырылған.
Аталған алқалы жиынның маңызы турасында Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков «Бүгінгі форумның басты ерекшелігі — оңтүстік өңірдегі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының бірлесіп өткізіп отырған алғашқы өңіраралық инвестициялық форумы. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында осы 4 өңірдің кәсіпкерлерінің басын қосып, атқарушы орган өкілдерін шақырып, ауқымды инвестициялық жобаларды талқылап отырмыз. Яғни Шымкент қаласының ғана емес, оңтүстік өңірдің мүмкіндіктерін шетелдік, отандық инвесторларға кеңінен таныстыру көзделген. Мемлекет және жергілікті әкімдіктер тарапынан көрсетілетін қолдаулар да осы форум аясында айтылады. Форумға Үндістан, Қытай, Түркия, Ресей елінен инвесторлар қатысып, қызығушылығын білдіріп отыр. Осы жиын барысында жалпы құны 364 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба бойынша меморандумға қол қойылмақ» деді. Шымкент – маңызды стратегиялық жолдардың түйіскен тұсында орналасқан қала. Темір жол тасымалына қолайлы. Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізінің бойында жатыр. Осы және өзге де маңызды факторлар ескеріліп, үшінші мегаполистегі логистикалық аймақтың аумағы 136 гектарға кеңейтіліп отыр.
Форумда Шымкентке қаржы құйып, жергілікті өндірістің дамуына үлес қосып отырған өзбекстандық инвестор Саркор Исонбаев та төбе көрсетті. Өз сөзінде «Dentafill-Қазақстан» фармацевтикалық компаниясының бас директоры «Біз Шымкентте фармацевтика саласын дамыту мақсатында қаржы салып отырмыз. Бұл қадам екі ел арасындағы экономикалық қатынасты ғана емес, ынтымақтастықты да нығайта түседі деген сенімдеміз. Шамамен 3-4 жыл бұрын «Тассай» индустриалды аймағында жақпа мазь, суппозитор дәрмектер өндірісінің құрылысын бастаған болатынбыз. Оған 3,5 миллион доллар қаржы жұмсалып, өндіріс жұмысын бастап отыр. Бұл — алғашқы кезең. Ал биыл 9,7 миллион долларға инфузиялық ерітінді өндірісінің құрылысын бастамақпыз» деп атап өтті.
Айта кету керек, соңғы жылдары Шымкент қаласына қаржы құюды қалайтын инвесторлардың қатары қалыңдап келеді. Мәселен, былтырдың өзінде үшінші мегаполиске тартылған инвестиция көлемі 560 млрд теңгені құрады. Ал биыл жыл соңына дейін 750 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл бастама жергілікті өндірісті дамытумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да айрықша әсер етпек.