ОРДАБАСЫДА КӘСІПКЕРЛІК САЛА ДАМЫП КЕЛЕДІ
Түркістан облысында кәсіпкерлік саланың қанат жаюы үшін барлық жағдайлар жасалып келе жатыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан игі бастамаларды қолданып, бизнес саласына келген азаматтардың саны да арта түсуде. Облыс аумағында, оның ішінде Ордабасы ауданында жұмысын жолға қойған кәсіпкерлік нысандар жетерлік. Бүгінгі материалымызда солар турасында тарқата жазбақпыз…
Жуырда Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Бадам ауыл округіндегі «Ордабасы құс» ЖШС-на барған болатын. Аталған кәсіпорын «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысын бастаған болатын. I кезеңі 2010 жылы іске қосылған. Өндіріс қуаттылығы жылына — 4828 тонна өнім шығару. Жоба «КазАгроқаржы» АҚ-арқылы қаржыландырылған. Жобаның инвестициялық құны — 3 млрд 249 млн теңге. Мұнда 280 жұмыс орны ашылған. II кезеңі 2014 жылы іске қосылған. Өндіріс қуаттылығы жылына — 8110 тонна. Жоба «КазАгроқаржы» АҚ арқылы қаржыландырылған. Жобаның инвестициялық құны -2 млрд 330 млн теңге. Ашылған жұмыс орны — 140. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында күркетауық фабрикасына жалпы құны 128 млн теңгеге газ құбыры мен ішкі автожолдар тартылған. Былтыр қараша айының 14-жұлдызында 52 000 бас күркетауық тұқымы инкубаторға салынып, 50 000 бас балапан шығып, өсіріліп жатыр. Ал биылғы 11 қаңтарда Франциядан 54 000 бас күркетауық тұқымы әкелініп, инкубаторға салынып, 28 күнде балапан болып шығады деп жоспарланып отыр. Нұрбек Бақтыбайұлы серіктестік қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тілеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жатқан үлестеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ кейбір мәселелер бойынша әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты.
Ордабасыдағы жұмысы жемісті тағы бір кәсіпкерлік мекеме – Бадам ауылдық округінде орналасқан «Ордабасы нан» ЖШС. Нысан ҚР индустриялы-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған. Аталған кәсіпорынның негізі 2008 жылы қаланған. Бүгінгі таңда серіктестік күніне 450 тонна ұн өңдейді. Диірмен түркиялық автоматтандырылған озық технологиямен жабдықталған. Сондай-ақ өндіріс орнында шикізат пен шығарылған дайын өнімді тексеретін арнайы зертхана жұмыс істейді. Мекемеде 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ондағы өнімнің тең жартысы ішкі нарыққа, жартысы Өзбекстан мен Ауғанстанға жөнелтіледі. Аталған серіктестіктің жұмысымен жіті танысқан аудан әкімі Нұрбек Бадырақов серіктестік басшылығына аудан экономикасының дамуына қосып жатқан үлестері үшін алғысын білдірді.