ҚЫЗМЕТТІК ТЕКСЕРУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
Әрбір әкімнің қарым-қабілеті жылу беру маусымында сыналады. Жуырда барлық қала мен аудан әкімдерінің және жауапты басшылардың басын қосқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қысылтаяң сәтте сүрінген жауапты сала басшыларын сынға алды. Енді кемшілікке жол берген шенеуніктерге қызметтік тексеру жүргізіліп, шара көріледі.
«Жылыту маусымына 100 пайыз дайын деп ақпарат берген едіңіздер, өкінішке орай, шындыққа жанаспайды. Ал жұмыс өз деңгейінде жүргізілмегіндігі анықталып отыр. Аудан, қалаларға көмір жеткізу толық шешілмеген. Тұрғындар, жылыжай иелері көмір тапшылығына және бағасына наразылық білдіруде. Қажетті көмір көлеміне орай басқармалар мен аудандардан жинақталған мәліметтер де дұрыс болмай шықты. Табиғи газ құбырлары бойынша проблемалар туындауда. Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында газ құбырлары қатып қалып жатыр. Ауыз су құбырлары істен шығып, осы аптада 5 мыңға жуық абонент сусыз қалды. Арыс қаласының бірқатар тұрғындары жылу беру сапасына наразы. Кентау қаласындағы жылу орталығының екі қазандығы істен шықты. Жылу беру маусымында орын алып жатқан осы жайттарға байланысты барлық қала, аудан әкімдеріне аталған кемшіліктерді шұғыл жоюды тапсырамын. Оған жауапты энергетика басқармасының басшысына, Кентау қаласының әкіміне, осы салаға жауапты менің орынбасарыма қатысты қызметтік тексеру жүргізілсін» деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Қорыта айтқанда, жылу маусымына дайындықты мұқият жүргізіп, қажетті инфрақұрылыммен толық қамтуға қауқарсыздық танытқан жауапты сала басшыларының әрекеті мұқият тексерілмек. Орын алған олқылықтар бойынша жауапкершілік те бар. Қош делік, бұл әрекет өзге де сала басшыларына сабақ болып, жұмыс жүйелене түседі деп сенеміз.