ТӨЛЕБИДЕ ЖАҢА НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРМЕК

Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында жыл сайын жаңа әлеуметтік маңызы бар нысандар мен тұрғын үйлер көптеп бой көтеріп жатыр. Аудан халқын қолжетімді баспанамен қамту мақсатында Ленгірдегі І мөлтек аудан аумағынан 60 пәтерлі 9 тұрғын үй құрылыстарының сметалық құжаттары дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынып, қаржыландыруға ұсынылған. Сондай-ақ аудан орталығындағы Базарная және Қ.Дүйсемұратұлы көшелеріне 5 қабатты 40 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құжаттарын қаржыландыру үшін салалық басқармаларға ұсынылған.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда «Алатау» мөлтек ауданындағы 3 кластағы тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан өткізу жұмыстары демеушілер есебінен жүргізілуде. Сондай-ақ Аққұм және Киелітас ауылдық округтерінде ауылдық мәдениет үйлерін салу бойынша құрылыс жұмыстары басталып, оның ішінде «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Момынай елді мекенінде 146 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Ал Киелітас елді мекенінде 146 орындық ауылдық мәдениет үйі құрылысын қаржыландыру үшін салалық басқармаларға жолданған.
«Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Бірінші Мамыр елді мекенінде заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешенінің және футбол алаңшасының құрылысына Ұлттық қор есебінен 467 млн теңге қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Көксәйек елді мекенінде жоба құны 926 млн теңге болатын спорттық сауықтыру кешенін салу үшін нысан жобасы тиісті салалық басқармаларға қаржыландыруға ұсынылды. Еске сала кетейік, былтыр тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай, Ленгір қаласында 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған үйден пәтер кезегінде тұрған 60 отбасыға баспана кілті табысталды. Баспаналар әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілгенін де айта кету керек.
Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Төлебиде бірнеше мектеп салынбақ. Атап айтқанда, Ленгірде 1500 орындық, Бірінші Мамырда 1500 орындық, Достықта 900 орындық, Көксәйекте 600 орындық, сондай-ақ Қосағашта 600 орындық жаңа мектептердің кұрылысы жоспарланып отыр.