КЕНТАУДА МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТҚА 600-ДЕН АСТАМ ӨТІНІМ ТҮСКЕН

Бүгінде әлеумет мемлекеттік грант арқылы кәсіп ашуға болатынын жіті түсінді. Бұрындары қаражаты болмай, қабілетін кәсіпке айналдыра алмай жүргендердің қатары қалың болатын. Бүгінде бұл мәселе шешімін тауып келеді. Бизнес саласына қадам басып, өзін де өзгені де жұмыспен қамтып жатқандарды жиі көретін болдық. Нәтижесінде аталған мемлекеттік грантқа өтінім беруге ниеттілер саны да уақыт өткен сайын көбейіп келе жатыр. Бүгінгі материалымызда Кентау қаласында жүзеге асқан жұмыстар жайын тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Кентау қаласында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 2022 жылға 173 адамға мемлекеттік грант беру жоспарланған болатын. Осыған байланысты, өткен жылы сәуір, тамыз, қыркүйек, қазан айларында мемлекеттік грантқа Business.enbek.kz порталы арқылы жалпы 4 лек бойынша 616 үміткердің өтініші қабылданған. Тұрғындардың жобалары комиссия отырысында қаралып, бірқатар санаттар бойынша қабылданды. Атап айтсақ, жастар санатынан 102, атаулы әлеуметтік көмек алушылар бойынша 4, мүгедектігі бар азаматтардан 20, көпбалалы 43, мүгедек балаға қараушы 11, асыраушысынан айырылғандар қатарынан 2 адам қатысты.
Нәтижесінде жалпы 182 адамның жобалары мақұлданып қаржыландырылды. Ұсынылған қызмет түрлері бойынша кондитерлік өнім – 16 жоба, мал шаруашылығы – 31 жоба, сұлулық салоны – 18 жоба, тігін шеберханасы – 25 жоба, жартылай дайын тағамдар – 6 жоба, жиһаз жасау – 4 жоба, құс және балық шаруашылығы – 7 жоба, көшет-бұталар – 2 жоба, автокөлікке қызмет – 14 жоба, оқу орталығы және компьютерлік қызмет – 16 жоба, басқа қызмет түрлері – 43 жоба. Бұл жобаның басты мақсаты – кәсібін жаңадан бастағалы отырған немесе кәсіп ашқысы келетін жандарға мемлекет тарапынан көмек беру, тұрғынды қиын жағдайдан шығару, еңбекке баулу. Айта кетейік, 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы кәсібін дамыту үшін мемлекеттен қайтарымсыз қаражат алуға өтініш білдіргендер саны артқан. Бұл тек Кентау қаласында ғана емес жалпы Түркістан облысында байқалып отырған тенденция. Жыл сайын мемлекеттік грант арқылы кәсіп ашып, бизнесін дөңгелеткісі келетіндердің қатары қалыңдап келе жатқаны белгілі. Мұның өзі салада атқарылып жатқан жемісті жұмыстардың нәтижесін аңғартса керек…