9 МӘДЕНИ НЫСАНҒА АҒЫМДАҒЫ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Түркістан облысында мәдениет, руханият салаларын дамыту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. 2022 жылы облыстағы 24 музейде 8404 экскурсия, 672 көрме, 618 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 3615 дана жаңа экспонат жинақталып, жалпы жәдігер қоры 165 665 данаға жеткен.
Бұдан бөлек, облыста 9 музей және музей филиалдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ұлы Дала Елі» орталығының қызметкерлері Өзбекстандағы Тимуридтер тарихи музейі, Грузияның ұлттық музейіне барып тәжірибе алмасып, экскурсия ұйымдастырды. Сонымен қатар облыстық музейлер Тараз, Қызылорда, Алматы қалалары мен Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарына көшпелі көрмелер өткізді. Облыстағы 395 кітапханада оқырмандар саны 425 мыңнан аса адамды құрап, 104 081 дана жаңа кітаптармен толықтырылған. «Фараб» облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен кітапханашылардың біліктілігін арттыру мақсатында «Тиянақты кітапханашы» жазғы оқу курсы қолға алынған. Сонымен қатар «Рухани керуен – Түркістанда» іс-шарасы, «Дара кітапханашы – дана кітапханашы» кәсіби кітапханашылар байқауы, «Түркістанның таңдаулы туындысы – 2022» акциясы, Түлкібас ауданы, Жабағылы ауылдық кітапханасында алғаш рет Түркістан облыстық кітапханашыларының слеті болып өтті.
Биыл кітапхана саласын дамыту, оқырмандарға қолдау көрсету мақсатында «Оқитын ұлт» жобасы аясында «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Кітап TrаveI – 2023» акциясы, ең көп оқитын оқырмандар арасындағы «Әлемді кітап арқылы танимын» және «Оқитын уақыт – оқырман өлке!» облыстық байқауларын өткізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге музей мен археология саласын, қолөнерді дамыту, көне жәдігерлерді насихаттау мақсатында «Түркістан – түркі әлемінің жүрегі» халықаралық тарихшылар мен археологтардың форумы, «Шығыс базары» түркі халықтарының қолөнер шеберлерінің симпозиумы, халықаралық «ART Түркістан» суретшілердің фестивалі, Түркістан қаласында республикалық, облыстық, аудандық музейлерінің «Музейлер шеруі» көшпелі кеңейтілген көрмелерін өткізу көзделген.