ШАРДАРАДА БІРНЕШЕ КӘСІПКЕРЛІК НЫСАН АШЫЛДЫ
Осы аптада Түркістан облысына қарасты Шардара ауданы Алатау батыр ауылдық округінде үш кәсіпкерлік нысан іске қосылды. Нысандардың салтанатты ашылуына аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев арнайы барып, ауыл биі Қуан Сейсен және ауыл тұрғындарының қатысуымен лентасын қиды.
Бауыржан Шомпиев өз жұмысын бастаған барлық нысандардың жұмысымен танысып шықты. Тарқатып айтсақ, заманауи үлгіде салынған сауда орталығы және кафесі 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, онда тойхана және қонақтарға арналған залдар мен караоке кабиналары қарастырылған. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары кілем жуу орталығымен танысты. Кәсіпкер бір күнде 240 шарты метр кілем жууға қауқарлы нысандағы барлық станоктар мен техникалар Қазақстанда жасалғанын атап өтті. Орталық иесі алдағы уақытта қысы-жазы жұмыс істеп, кілем жудыруға келгендерге дәмханалар мен өзге де қызметтер көрсететін орындар ашуға ниетті екенін жеткізді. Ол 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Үшінші нысанда 24 сағаттық көлік жуу және көлік дөңгелегін жөндеу нысаны жұмысын бастап отыр. Оған қоса кәсіпкер авто бөлшектер және тұтынушылардың демалуына арналған шағын шайхана ашуды жоспарлаған. Аудан әкімінің орынбасары барлық нысанның жұмысын қарап, мемлекет тарапынан әрқашан қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты. Бұдан бөлек Бауыржан Шомпиев Алатау батыр ауылынан іске қосылғалы тұрған, қуаттылығы тәулігіне 64 куб шығара алатын бетон шығаратын зауыттың құрылымымен танысты. Зауыт иесі бетон дайындауға арналған заманауи жабдықтардың барлығы дерлік отандық аппараттар екенін тілге тиек етті.
Бұдан бөлек, жуырда ауданда «Шардара армспорт» клубының демеушілігімен олимпиадалық спорт түрлеріне арналған бокс, дзюдо, таэквондо және каратэ залдары ашылды. Салтанат шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, спорт ардагері Мұсырманқұл Дәуренов және ауданның белді спортшылары мен жаттықтырушылары қатысты. Шарада құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімдігі атынан бағалы сыйлық тапсырып, ашылу лентасын қиды. «Шараға қатысушылар баршаңызды бүгінгі олимпиадалық спорт түрлеріне арналған залдардың ашылуын құттықтаймын. Шардара ауданы — әлемге аты шыққан чемпиондардың мекені. Дүниежүзі бойынша біздің аудан секілді көп чемпион шығарған бір де бір жер жоқ. Мен мұнымен мақтанамын. Бұл көрсеткіш мемлекеттің спорт саласындағы қолдауымен ауданымыздағы жаттықтырушы азаматтар және спортшылардың қажырлы еңбегі деп білемін. Аудан әкімдігі сіздерді әрқашан қолдауға дайын. Алдағы уақытта ауданымыздан олимпиада шыңын бағдырар спортшыларымыз көп болсын. Біз сіздерге сенеміз! Біздің мақсат-олимпиада!» деді аудан басшысы. Айта кетсек, 2022 жылдың өзінде Шардара ауданынан 37 әлем чемпионы, 71 Азия чемпионы және 89 ҚР чемпиондары шығып отыр.