МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНҒАН ЖИЫН ӨТТІ
Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы әкімінің төрағалығымен апталық аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілісті бастамас бұрын аудандық орталық аурухананың бас дәрігері қызметіне жаңадан тағайындалған Әлімбаев Ерғали Сәдуақасұлын құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Күн тәртібінде 3 мәселе қаралып, талқыланған болатын. Атап айтқанда, аудан аумағындағы барлық бағыттағы жолдардың жағдайы және тұрғындарды электр жарығымен қамтамасыз ету, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және электронды құжат айналымының орындалу барысы және аудан аумағындағы өзекті мәселелер. Күн тәртібіндегі жол мәселесі бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Бейсембаев баяндамасын таныстырды. Аудан бойынша жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 1298,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде өткен жылы аудандағы қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 2,4 %-ға өсті. 62,3% немесе 808,6 шақырым жол қанағаттанарлық жағдайда. 2022 жылы аудан бойынша бірқатар жолдардың жағдайын жақсарту мақсатында республикалық бюджет, Ұлттық қордан және облыстық, аудандық бюджет есебінен барлығы 2 794 075,0 мың теңге қаржы қаралғанын да айта кету керек.
Ағымдағы жылы аудандық маңызы бар 5 автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға 140,5 шақырым жалпы жасанды жол кедергісі, жол белгісі, жол аяқ сызықтары, жолдарды қардан тазалау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жоғары бюджет есебінен аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарлануда. Қазіргі таңда бөлім тарапынан 6 жолдың күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық сметалық құжаттама дайындалған.
Сайрам ауданындағы барлық 42 елді мекені орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Аудан көлемінде 884 дана электр трансформатор орналасқан. Аудан аумағында электр жарығы жиі өшетіндіктен, барлық ауылдық округі аумақтарында тозығы жеткен электр бағаналар мен желілер бойынша түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 51% тозғаны анықталды. Жергілікті тұрғындарды бүгінгі таңда сапалы және тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін қосымша 40 электр трансформатор қажет етеді. Келесі кезекте аудан әкімі аппаратының жалпы бөлімшесінің басшысы М.Қожамқұлов ауданға түскен арыз-шағымдар өткен жылмен салыстырғанда біршама төмендегенін назарға салып, басым көпшілігі жер саласына қатысты талап-өтініштер екенін атап өтті. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық, ақпараттандыру және мемлекеттік көрсетілетін қызмет мониторингі бөлімшесінің басшысы Е.Керімбеков ауылдық округтердің қысқа дайындығы бойынша ұйымдастыру бөлімінің қызметкерлері тарапынан аралау және талдау жұмыстары жүргізілгенін баяндады. Ауылдық округтерінде техникалар жеткіліксіз болса, қар қалың түскен жағдайда көшелерге бір мезгілде ауыл шаруашылығы саласындағы техникаларды тарта отырып, қардан тазартуды ұйымдастыру, 105 аз қамтамасыз етілген отбасының жағдайын жақсарту бағытында қамқорлық таныту секілді ұсыныстарын жеткізді.
Аудан аумағында саяси ахуалды тұрақтандыру және тұрғындар наразылығының алдын алу мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімі тарапынан аудандағы әлеуметтік маңызды мәселелер зерделенді. Талдау қорытындысы бойынша барлық ауыл округінен 133 өзекті мәселе жинақталды. Салаға қатысты мәселелердің орындау мерзімдері аудан әкімімен нақтылап бекіткеннен кейін, әрбір ауылдық округ бойынша әлеуметтік карталар әзірленетін болады. Өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастыру мақсатында дербес бөлімдер мен ауыл округ әкімдеріне тапсырмалар беріледі. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан әкімі нақты тапсырмаларды аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне жүктеді.