ШАРДАРАЛЫҚТАРДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ

Елімізде инженерлік инфрақұрылыммен қамту ісі қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Түркістан облысында, оның ішінде Шардара ауданында көгілдір отынға қосылған тұрғындардың саны уақыт өткен сайын арта түсуде. Мәселен, жуырда Шардара қаласында орналасқан 2 шағынаудан газ көзіне қосылды.

Шағынаудандарға газ беру шарасына аудан әкімі Қ.Жолдыбай, аудандық мәслихат хатшысы А.Қарсыбаев, аудандық келесім кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов және басқа да тұрғындар мен қонақтар қатысып, салтанатты ашылу лентасы қиды. Шарада аудан әкімі құттықтау сөз сөйледі. «Шардара ауданы бойынша әкімшілік құрылымына қарай 1 қала және 10 ауылдық округ бар. Оның ішінде, 10 ауылдық округте орналасқан 25 елді мекеннің 10 елді мекені мен Шардара қаласындағы 3 бірлік шағын аудан табиғи газбен қамтамасыз етілді. 2022 жылы газдандыру бойынша Шардара қаласындағы 9 бірлік шағынауданда табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, өздеріңіз көріп отырғандай, бүгін Шардара қаласындағы Наурыз, Нұр Отан шағынаудандары табиғи газбен қамтылып отыр. Сондай-ақ Мелдеби, Қанай Датқа, Әсем-ай шағынаудандарының табиғи газға қосу бойынша құрылыс жұмыстары толығымен біткен, қазіргі таңда құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар аяқталысымен басқа да шағынаудан тұрғындарыны кезекпен табиғи газ берілетін болады. Ал Шардара қаласындағы Абай, Қызылжар, және Шардара ауылында табиғи газ беру жұмыстары 2023 жылға өтпелі болып отыр. Ауданда атқарылып жатқан барша жұмыстар мен игі бастамалар, өздеріңіздің жалпы ауданымыздың тұрғындары үшін жасалып келеді. Барлығымыз да елімізді гүлдендіру үшін әрқашан бірлікте, ынтымақта игі істер атқарып, жарқын болашақ үшін еңбек ете берейік!» деді аудан әкімі.
Бұған дейін Шардара қаласында орналасқан 4-шағынаудан табиғи газ көзіне қосылған еді. Қазіргі таңда ауданда Ұзын-ата, Алатау батыр, Қызылқұм, Сүткент, Ақалтын, Егізқұм, Достық, Көксу, Қоссейіт және Шардара қаласының №14 Бекет, Мұнай базасы, Өтеғұл шағынаудандары табиғи газға қосылған. 2022 жылы газдандыру бойынша Шардара қаласындағы 9 бірлік шағынауданда табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Шардара қаласындағы Наурыз, Нұр Отан, №4 және №3 шағынаудандарға табиғи газ берілген. Ал Шардара қаласындағы Абай, Қызылжар шағынауданы мен Шардара ауылында табиғи газ беру жұмыстары 2023 жылға өтпелі болып отыр. Сондай-ақ Жаушықұм ауылдық округін табиғи газ көзімен қамтамасыз ету мақсатында ЖСҚ әзірленіп, аудандық бюджет есебінен қаржы қаралып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Алдағы уақытта Жаушықұм ауылын газдандыру бойынша жұмыстар жүргізілмек.