«ТАБЫСТЫ ОТБАСЫ» ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА
«Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы аясында облыста 120-ға жуық адам оқуды бастады. Жоба арқылы еліміздің 5 өңірінде 117 адам оқуға ден қойды. Түркістан облысында 27 адам тегін кәсіптік курстардан өтуде. «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері Түркістан облысы аумағындағы әлеуметтік желідегі маркетинг, сұлулық салондары, аспаздық кәсіби мамандықтарын игеріп жатқан жоба қатысушыларымен кездесті.
«Бұл — өңірлердегі жұртшылықты қолдаудағы бірегей жобалардың бірі. Ол аймақтар мен шалғай аудандардағы тұрғындардың қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыруға «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан шамамен 200 млн теңге бөлініп отыр. «Табысты отбасы» жобасы барысында қатысушылар тәлімгерлер мен жаттықтырушылардан білім алып қана қоймай, өз кәсібін бастауда қажетті жабдықтарға ие болады. Барлық жоба қатысушыларына тек сәттілік тілеймін» дейді «Самұрық-Қазына» АҚ қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбек қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Маңызды жоба халықтың неғұрлым осал топтарының өкілдерін, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған, жалғызбасты және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды, олардан шыққан жастарды кешенді оқытуға бағытталған. Жобаға қатысатын 300 адамның тізімі жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұсынылған. «Жұмыссызбын, алты баланың анасымын. Біздің облыста іске асып жатқан «Табысты отбасы» жобасына қатысқаныма өте қуаныштымын. Қазіргі сәтте Сарыағаш ауданында әлеуметтік желідегі маркетинг мамандығын таңдап, сол бойынша курстан өтіп жатырмын. Алдағы уақытта қажет болатын ақпаратты игерудемін. Болашақта өзімнің кәсібімді ашамын. Алғысым шексіз!» деп ойымен бөлісті жобаға қатысушы Динара Қалтаева.
Қатысушылар қысқа мерзімде өз ісін ашу үшін барынша білім мен дағдыларды алады. Бір айлық оқудан өткен түлектерді, тәжірибелі тәлімгерлер үш ай бойы сүйемелдеп отырады. Жоба соңында Ұлытау, Абай, Жетісу, Ақтөбе және Түркістан облыстарындағы бес бағыт бойынша арнайы мамандық игерген қатысушыларға сертификат табысталады. Атап өтер жайт, оқуды сәтті аяқтағандарға өз ісін ашу үшін қолдау қаржылай емес, үйренген кәсібіне қажетті құрал-жабдық түрінде беріледі.
Оқудың екінші кезеңі қаңтар айында қолға алынып, 183 қатысушы тігіншілік, аспаздық, сұлулық салондары, электр механигі және әлеуметтік желідегі маркетинг бағыттары бойынша қамтылады деп жоспарланып отыр. «Табысты отбасы» қайырымдылық жобасын іске асыру кезендері туралы ақпарат БАҚ бетінде және @tabysty.otbasy инстаграм парақшасында орналастырылады.