ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ҮЗДІК ҰСТАЗДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Шаблан Ділдәбеков атындағы ауылдық округіндегі «Бірлік» мәдениет үйінде «Ұстаз деген — жарық күні ғаламның» атты аудандық ұстаздардың іс-шарасы өтті.

Шараға қатысушылар алдымен ұстаздардың қолынан шыққан ұлттық қолөнер жəне сəулеттік макеттер көрмесін тамашалады. Мерекелік жиынға Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Әлібекқызы, Жетісай ауданы «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Әділхан Асауов, мәслихат депутаттары, оқу орындарының басшылары мен мектеп мұғалімдері қатысты. Концерттік бағдарламамен өрбіген басқосу барысында аудан ұстаздарының жеткен жетістіктері арнайы бейнероликтер арқылы көрермен назарына ұсынылды.
Шынын айту керек, адамды адам ететіп тəрбиелейтін ол – ұстаз. Соңғы жылдары еліміз бойынша педагогтарға жасалып жатқан қолдау баршылық. Алғаш рет мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагог мəртебесін анықтап берді. Бұл да болса, ұстаздарға деген үлкен қамқорлықтың белгісі. Мерекелік жиын барысында өз саласында оза шапқан 20-дан астам мұғалімдерге арнайы алғыс хаттар табысталып, ақшалай сертификаттар берілді.
Айта кету керек, биыл «Балалар жылы» аясында мәдени көпшілік іс-шараларда және облыстық байқауларда, спорттық іс-шараларда, білім бәйгесінде жүлделі орындарды ең көп иеленгені үшін Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімі жалпы құны 17 млн 300 мың теңге тұратын автокөлікті иеленді.