№12 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ЖАҢА КОРПУСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Шымкент қаласындағы №12 қалалық емхананың жаңа корпусы Сайрам тұрғын алабында пайдалануға берілді. Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов емханаға арнайы барып, тұрғындарға көрсетіліп жатқан медициналық қызметтермен жақыннан таныс болды.

«Енді сіздер бейінді мамандар мен қымбат диагностикалық тексеруден өту үшін қаланың орталығына сабылмай-ақ осы жерден қажетті медициналық қызметті алатын болдыңыздар. Емханада КТ, маммография, УЗИ, ЛОР-комбайн, рентген, флюорография, УДЗ аппараттары, фиброгастроскоп, авторефкератометр мен стоматологиялық құрылғылар қойылған. Бұл аппараттар науқастың денсаулығын терең тексеруге және алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Дегенмен құрметті көпшілік, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеңіздер. Уақытылы дәрігерлерге қаралып, шақырған сәтте скринингтен өтуді ұмытпаңыздар» деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шымкенттен шалғай жатқан орталықта №12 қалалық емханасына тіркелген 62 237 азамат медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберіндегі қызметтерді тегін ала алады. Дәрігерлер ауысымына 500 адамды қабылдауға қауқарлы. 38 күндізгі стационарлық төсек-орынмен қамтылған. Мұнда ересектер мен балаларға арналған бөлімдер бөлек-бөлек орналасқан. 36 жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен 20 педиатрлық аймақ қызмет көрсетеді.
Аталған емхана мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 2021 жылдың 11 қарашасында сенімгерлік басқаруға берілген. Айта кетейік, үшінші мегаполис тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік орталықтар саны жылдан жылға артып келеді. Бүгінде қала бойынша амбулаторлық деңгейде қызмет көрсететін 13 мемлекеттік емхана болса, 31 медициналық ұйым жекенің меншігінде.