ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ӨНДІРІСТІК ОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Өткен аптада Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы президенттерінің қатысуымен телекөпір арқылы қос ел кәсіпкерлерінің инвестициялық әріптестігі аясында жүзеге асқан өндірістік бағыттағы 6 кәсіпорын іске қосылды.
Оның үшеуі Қазақстанда ашылды. Атап айтқанда, «ARTEL Electronics» пен «Silk Road Electronics» компаниялары бірігіп Қарағанды облысының Сарань қаласында тұрмыстық техника өндірісін, «Узавтосаноат» компаниясымен Қостанай қаласында «Chevrolet Onix» көлік моделін құрастыру және Шымкент қаласында «DENTAFILL» компаниясымен «DentaFill Kazakhstan» медициналық препараттар өндірісін бастады.
«DentaFill Kazakhstan» медициналық препараттар өндіретін кәсіпорын қаламыздағы «Тассай» индустриялды аймағынан ашылып отыр. «DENTAFILL» компаниясы Өзбекстан Республикасында 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда «DENTAFILL PLYUS», «TORIMED PHARM» және «PHARMA PACK» компанияларымен біріккен алып өндірістік кәсіпорынға айналған. Ал елімізден ашылған «DentaFill Kazakhstan» ЖШС кәсіпорны жылына 18-20 млн қорап медициналық препарат өндіріп, 100-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.
Инвестициялық құны 2,5 млрд теңгені құрайтын бұл кәсіпорын 2 кезеңнен тұрады. Екінші кезең 2025 жылға қарай жүзеге асып, оған 4 млрд теңге инвестиция салынады. Жобаның бұл бөлігі іске қосылған жағдайда аталмыш кәсіпорын жылына 20 млн дайын медициналық препарат шығаруға қауқарлы болады. Қосымша тағы 60-қа жуық жұмыс орны ашылады. Аталған кәсіпорын өндірісінің 60 пайызы ішкі нарыққа, 40 пайызы ТМД елдеріне экспортталмақ.