МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ТҰРУДЫҢ ТАЛАБЫ ӨЗГЕРЕДІ

Өткен аптада елордада Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен және Астана мемлекеттік қызмет хабының қолдауымен «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» форумы өткен болатын. Міне осы жиында агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар аясында мемлекеттік қызмет жүйесіне жаңа талаптар жүктелгенін атап өтті.

Нақтырағы «Агенттік мемлекеттік қызметке ЭЫҰД елдерінде кеңінен колданылатын HR-құралдарын енгізу бойынша іс-шараларды пысықтап жатыр. Біз үшін HR саласындағы жаңа тәжірибені жинақтау, сондай-ақ мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тарту өте маңызды. Ашық, әділ шешімдер қабылдай алатын, белсенді, заманауи талаптарға икемді мемлекеттік аппаратты қалыптастыруда адам капиталына ден қоюдың маңызы зор» деді Дархан Жазықбаев.
Сонымен қатар мемлекеттік қызмет істері агенттігімен мемлекеттік қызметке орналасу конкурстарының әділдігін қамтамасыз ету үшін «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің сыртқы порталында мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмі әзірленіп, конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралған. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа, барлық кезеңдерде кез келген уақытта және әлемнің кез келген жерінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Тестілеуден өту қағидаларын сақтау Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу барысында қолданылып, тиімділігін көрсеткен прокторинг жүйесі арқылы қамтамасыз етілмек.
Оның айтуынша, әзірленген іріктеу алгоритмі заңнаманы білуге арналған 4 нормативтік-құқықтық акті бойынша тестілеуді (Конституция, Мемлекеттік қызмет және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдары, Әдеп кодексі), қабілеттілік пен құзыреттілікті тестілеуді, басшылық лауазымдар үшін эссе жазуды қамтиды. Сонымен қатар салалық және тәуелсіз сарапшылардан, HR мамандар, әдеп жөніндегі уәкілдерден тұратын конкурстық комиссиямен әңгімелесу тәртібі ескерілген. Дархан Жазықбаевтың сөзіне қарағанда, іріктеудің бұл тәсілдерін 2023 жылы «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінде пилоттық апробациядан өткізу жоспарланып отыр. Айта кету керек, форумға еліміздің және шетелдің ғалымдары, мемлекеттік органдар өкілдері, HR саласындағы сарапшылар қатысып жатыр. Жиында делегаттар мемлекеттік қызметті дамытудағы тәжірибелерімен бөлісті.