ЕЛІМІЗДЕ 3 МЛН ТОННА СҮТ ӨНІМДЕРІНІҢ ТАПШЫЛЫҒЫ БАР

Елімізде аграрлық саланың потенциалы жоғары. Ауыл шаруашылығы өнімдерімен ішкі нарықта қамтуға қауқарлы екенімізді де сарапшылар жиі көтеріп келе жатыр. Әсіресе, ет пен сүт өнімдерін өндіру ісін ілгерілету ісі күн тәртібінде тұр. Өйткені аталған екі сала бойынша отандық өндірістің әлеуеті айтарлықтай жоғары емес. Жуырда бұл мәселе Мәжіліс мінберінен де көтерілді. Тарқатайық…

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Асқарбек Үйсімбаев отандық сүт өндірісінің дамуына алаңдаушылық білдірді. Нақтырағы «Мемлекеттік қолдау азық-түлік импортын азайтуға тікелей әсер етеді. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын шамамен 6,3 миллион тонна сүт өндіріледі. Оның 1,6 миллион тоннасы сүт өнімдерін жасауға жұмсалады. Аталған көлемнің 1 миллион тоннасын отандық ірі шаруашылықтар жүзеге асырады. Дегенмен сүт өнімдерінің импортына тәуелділік маңызды мәселе күйінше қалып отыр. Мәселен, жыл сайын елге 600 мың тонна сүт өнімдері әкелінеді. Қазір нақты тапшылық — жылына кемінде 3 млн тоннаны құрайды. Сондықтан сүт және сүт өнімдері фермалары үшін мемлекеттік қолдау көлемінің қысқаруы импортқа тәуелділіктің өсуіне алып келеді. Ал құс шаруашылығында импортқа тәуелділік 70%-ға жетті. Жұмыртқадан бастап тауықтың балапанына дейін сырттан әкелініп жатыр» деді Мәжіліс депутаты Асқарбек Үйсімбаев дөңгелек үстел барысында.
Халық қалаулысы импортқа тәуелділікті азайту керек деп санайды. «Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасына тікелей әсер етеді. Осы орайда субсидия мәселесінің әлеуметтік маңызы зор. Біз сала мамандары мен әкімдіктердің ұсынысын тыңдадық. Оның нәтижесі — мемлекеттік қолдаусыз фермерлер жұмыс жасай алмайды, әсіресе қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында» дейді ол.
Айта кету керек, биылғы қазан айының қорытындысы бойынша елімізде сүт өнімдерінің бағасы бір жылда 28,2 пайызға өсті. Сүт 28,3 пайызға, сүт консервілері 39,2 пайызға, ашытылған сүт өнімдері 29,2 пайызға қымбаттаған. Өңірлік тұрғыда сүт өнімдері бағасының өсуі Маңғыстау, Қарағанды, Шымкент облыстарында байқалды. Биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында сүт өнімдерін өндіру 396 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда құндық мәнде 15,8 пайызға артық. Сондай-ақ өңделген сұйық сүт пен кілегей өндірісі 6,2 пайызға немесе 472,5 мың тоннаға, сары май мен сыдырма – 9 пайызға немесе 20,9 мың тоннаға, сүт сыдырмалары – 26,6 пайызға немесе 4,7 мың тоннаға, ірімшік 2,5 пайызға немесе 30,5 мың тоннаға дейін, қоюландырылған сүт пен кілегей – 5,5 пайызға немесе 7 мың тоннаға дейін, йогурт – 3 пайызға немесе 191,7 мың тоннаға дейін, шұбат – 37,5 пайызға немесе 2,4 мың тоннаға дейін өсті.
Өз кезегінде, Ауыл шаруашылығы министрлігі сүт пен сүт өнімдерінің қымбаттауы маусымдық сипатқа ие екенін алға тартады. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, жыл басынан бері елімізде шамамен 5,5 млн тонна сүт өндірілген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 2,1% артық. Тауарлық сүт өндірісінің нақты көлемі 3,4 млн тонна болды. Бұл да бір жыл бұрынғыдан 1,3% артық. Соңғы екі жылда өңделген сүттің өзіндік құнының орташа есеппен 50 теңгеге, 2022 жылғы қарашада 197-200 теңгеге дейін өсуі байқалады. Кәсіпорындардағы сату бағасы 235-тен 300 теңгеге дейін жетті. Қараша айында қымбаттаудың негізгі себебі жем бағасының өсуімен байланысты болып тұр. Бұл – өзіндік құнның 70%-ы. Сонымен қатар, импорттық шығын материалдары, соның ішінде қаптама ыдыстар қымбаттады. Сондай-ақ биыл сүт саласын субсидиялауға шамамен 24,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде сүт өндіруге 18,6 млрд теңге бағытталды. Аталған мемлекеттік қолдауды саланың 467 субъектісі, оның ішінде сүт-тауар фермалары мен ӘКК-лар пайдаланды.