ЕЛШІБАЕВ – ЕЛДІҢ СЕНІМІН АҚТАҒАН АЗАМАТ

ӨМІРДЕРЕГІ

Тұрышбек Күлішұлы Елшібаев Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Құрбан ата ауылында 01.08.1961 жылы орта шаруаның отбасында дүниеге келген. Ауыл мектебінде он жылдық білім алған. Ол 1984 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын, 2006 жылы Мақтаарал гуманитарлық-экономикалық және агробизнес колледжін, 2014 жылы Шымкент университетін ғалым-агроном мамандығы бойынша бітірген.
Ол мал дәрігері және агроном мамандықтарына ие. Еңбек жолын 1984 жылы сол кездегі Шымкент облысы, Жетісай ауданы, «Красная звезда» кеңшарында аға мал дәрігері қызметінен бастаған. 1987 жылы аталған кеңшарда ферма меңгерушісі, ал 1991 жылдан бастап бас мал дәрігері қызметін атқарған. 1992 жылы Жетісай аудандық малдәрігерлік станциясының бастығы, 1997 жылдан ірілендірілген Мақтаарал аудандық станцияның бастығы қызметін атқарды. 1999-2018 жылдары Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министірлігінің Мақтаарал аудандық аумақтық инспекциясының басшысы қызметін атқарған.
2018 жылы қараша айында Жетісай қаласының әкімі болып сайланды. Елге сіңірген елеулі еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мемлекеттік наградаларымен және жергілікті өкілді органдарының көптеген грамота және алғыс хаттарымен марапатталған. Мақтаарал ауданының құрметті азаматы. Отбасылы, жанұясында әйелі, 2 ұлы, 3 қызы және 11 немересі бар.

БАҒДАРЛАМАСЫ

1. Мырзашөл өңірінің астанасы болып саналатын Жетісай қаласы – ортақ үйіміз. Қалада жақсы сезім мен көңіл күйде тұру үшін қала тұрмысын халыққа мейлінше жайлы болуын қамтамасыз ету — басты мақсатымның бірі. Бұл мақсатта арнайы бағдарлама жасап, қала тұрғындарының талқылауына салып, бекітіп, сайланған мерзімде міндетті түрде толық жүзеге асырылуына барлық күш-жігерімді, өмірлік тәжірибемді, іс-әрекетімді арнаймын. Осы істі орындау менің басты борышым деп есептеймін.
2. Қаланың коммуналдық шаруашылық саласында қордаланған проблемалар қала тұрғындарын алаңдатып, бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстарының өзі наразылық тудырып, көңілдерінен шықпай жатқанын жақсы білемін. Аталған проблемаларды, заманауи тәсілдерді қолданып, толыққанды шешу уақыты келді деп санаймын және осы бағыттағы жұмыстарды атқарамын.
3. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты түрде болуы шарт. Менің ойымша, қаланың геосаяси орналасуын және басқа да ұтымды жерлерін пайдаланбай жатырмыз. Ол үшін қаланың қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді және болашақ перспективаға арналған кешенді, нақтыланған, арнайы жоғары деңгейдегі кәсіби мамандарды қатыстырып, заманауи талаптарға сай, халыққа түсінікті даму жоспарларын дайындап жүзеге асыратын боламыз.
4. Қаланың инфрақұрылымына қатысты қала тұрғындарының көкейінде қалыптасқан көптеген мәселелер бар. Атап айтқанда, тоқтап тұрған өнеркәсіп объектілерінің, қала жолдарының жағдайы, қаланың ирригация мәселесі, ағын сумен тұрақты түрде қамтамасыз етілуі, тік дренаждардың жұмысы, түнгі жарықтандыру және басқа да сынға алынып жатқан инфрақұрылым объектілері жеткілікті. Бұл — бұрынғы басшылар шешімін таппай, 30 жылдан бері жылдан-жылға өтіп келген өзекті мәселелер. Сондықтан қаланың дамуын, халық санының едәуір өсуін, стратегиялық маңызы бар екенін ескере отырып, қаланың аудандық маңызы бар қала деген мәртебесін қайта қарап, Жетісай қаласына облыстық маңызы бар қала мәртебесін беру уақыты келді деп есептеймін. Осы мақсатта қала тұрғындарымен және мамандармен бірге белсенді түрде тиісті жұмыстарды атқарамын.
5. Қаланың бас жоспарын арнайы мамандарды тарта отырып, толыққанды қайта қарап, әлемдік талапқа сай жасауымыз қажет. Елімізде қалаларға шоғырлану, ғылыми тілмен айтқанда урбанизация мәселесі күн тәртібінде тұр. Ұзақ мерзімге арналған қаланың сәулет және қала құрылысының бас жоспары қайта жасалуы тиіс. Ол үшін қаланың жер аумағын мейлінше кеңейтіп, саны 50 мың адамға жақындаған қала халқы көптен бері күтіп отырған тұрғын үй салу, жаңа жұмыс орындарын ашу және басқа да проблемалары бар барлық салалардың жетілдіруін қамтитын, озық технологияларды дамытуға, қаланың өміріне тез арада ендіруге арналған қаланың заманауи бас жоспарымен екпінді түрде жұмыс жасау бүгінгі заманның талабы екені сөзсіз. Біздің егістік жер алтын қорға жатады. Дегенмен жоғары органдардың көмегімен қалаға қажетті жер аумағын мейлінше қосып беру мәселесі міндетті түрде қысқа мерзімде шешілуі тиіс деп санаймын.
6. Қаланың рекреация аймақтарының жағдайына қала, аудан тұрғындарының көңілі толмай жатқаны айқын. Мысалы, қаланың жалғыз демалыс саябағының аумағы бастапқы кезде 30 гектардан жоғары болса, қазіргі таңда оның 30 пайызы ғана қалып отыр. Басқа аумақтан жер бөліп саламыз дегенмен, бұл мәселеге үстірт көзқарас танытпай, рекреация мәселесінің әлеуметтік және экономикалық өте жоғары маңызы бар екенін алға тартып, кешенді түрде қаралып, осы салада жинақталған мәселердің оң шешілуіне атсалысамын.
7. Қаланың іргетасы қаланғанына бір ғасыр да толған жоқ. Қала республикамызда жас және болашағынан зор үміт күттіріп отырған қалалардың қатарында тұр. Қаланың болашағы жастарға байланысты. Оларды қалада, ауданда қалып, қолайлы жағдайда жұмыс істеуіне, өмір сүруіне бағытталған жұмыстарды іске асыруда өз тарапымнан қолға аламын.
8. Елді әлемге паш ететін салалардың бірі мәдениет пен спорт екені белгілі. Талантты, дарынды өнерпаздар мен спортшыларымыздың әрі қарай дамуына бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстар жеткіліксіз деп санаймын. Мысалы, көршіміз Шардара қаласында тек қана қол күресінен 100-ден астам спортшы жас әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Көршіміз Мақтаарал ауданында «Мақтаарал» футбол клубы Республикамыздың ең жоғары премьер-лигасында тамаша өнер көрсетіп, көрші ауданның атын халықаралық УЕФА, ФИФА сияқты ұйымдарға, Еуропа мен Азия құрлықтарына танытып жүр. Мәдениет және спорт мәселесінде Жетісай қаласының потенциалы, мүмкіндіктері мол. Оларды іс жүзінде пайдалануын барынша дамыту үшін қаржы көздерін қарастырып, бірінші кезекте қажетті тиісті инфрақұрылым обьектілерін жаңа талаптарға сай реконструкциялаудан өткізу және жаңадан салуға да мүмкіндіктерді қарастырып жағдай жасауды мақсат тұтамын.

(Материал ақысы кандидаттың жеке есепшотындағы қаржы есебінен төленді)