ҚАЗАҚСТАНҒА ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАРҒА ҚАРАҒАНДА КӨШІП КЕТКЕНДЕР КӨП

Ұлттық статистика бюросы 2022 жылғы қаңтар мен қазандағы демографиялық ахуал туралы мәліметпен бөлісті. Ендеше елімізге қанша адамның келіп, қаншасының шекара асқанын саралап көрейік.
«Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде қаңтар мен қазан аралығында елге келгендер саны 12 926 адам болған, елден кеткендер саны — 21 875 адам, көші-қон сальдосы -8 949 адам» делінген хабарламада. Ресми мәлімет бойынша, елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүреді. Яғни бұл елдерден келгендердің үлесі – 85 пайыз, кеткендердің үлесі мигранттардың жалпы санының 84,4 пайызына тең.
Ел шегінде қоныс аударатын мигранттар саны 3,2 пайызға артқан. Ұлттық статистика бюросы мәліметі бойынша, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдайға сәйкес республика халқының саны 19 млн 715,2 мың адам болған, оның ішінде қалалықтардың саны 12 млн 169,1 мың адам болса, ауылда 7 млн 546,1 мың адам өмір сүреді. 2022 жылдың басымен салыстырғанда халық саны 212 мың адамға немесе 1,1 пайызға өскен. «Биыл қаңтар-қазанда дүниеге келгендер саны 333,1 мың адам болды, бұл былтырмен салыстырғанда 11,4 пайызға аз. 1000 адамға шаққандағы туудың жалпы коэффициенті 20,37 болып отыр» делінген хабарламада.