ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДЫҢ ҚАТАРЫ ТОЛЫҒА ТҮСПЕК
Индустриалды аймақ – өнеркәсіптің тірегі. Жалпы елімізде, оның ішінде Түркістан облысында инвесторларға жайлы орта қалыптастыру бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Облыс аумағында бірнеше индустриалды аймақтар жұмыс істеп жатыр. Онда көптеген кәсіпорындар ашылып, бюджеттің бүйірі толуына ықпал етуде. Сонымен қатар жүздеген жұмыс орындары да құрылып, әлеуметтің әлеуетіне оң әсер етуде. Толығырақ тоқталайық…
Түркістан облысында құны 42,541 млрд теңгені және 3023 жұмыс орнын құрайтын барлығы 60 жоба орналасқан. 2023 жылдың 1-жартысында «Тurkistan» индустриалды аймағында орналасқан браунфилд өндірістік ғимаратында құрылыс материалдарына арналған қаптама шығарумен айналысатын «ISIKLAR HOLDING A.S.» өндіріс орнын орналастыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Өңірдегі инвестициялық ахуал туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға баяндалды.
Сайрам ауданынында жаңа индустриалды аймағын құру бойынша жер көлемін анықтап, инфрақұрылым жүргізу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ «Бадам» индустриалды аймағының көлемі үлкейтілмек. Түлкібас, Шардара және Бәйдібек индустриалды аймақтарын агро-индустриялды аймақ ретінде іске асыру және өңірімізде агро-өнеркәсіп саласын дамыту жоспарланып, Түркістан облысы әкімдігіне Басқарушы компания тарапынан агро-индустриалды аймақ құру туралы ұсыныс енгізілген.
Индустриалды аймақтардың қатысушылары – «Grand Miks» ЖШС-і (жоба құны – 2,47 млрд теңге), жиһаз өндіріс кәсіпорны, «CG Food Central Asia» ЖШС-і (жоба құны – 1,1 млрд теңге) дайын тағам өнімдерін өндіруші кәсіпорны. Индустриалды аймақтарды дамыту барысында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Оған дәлел, 2022 жылы құны 8,205 млрд теңге және 640 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 8 инвестициялық жобаны тарту көзделген. Жыл соңына дейін темір бетон бұйымдарының өндірісі мен керамзитті кірпіш өндіру жобасы іске асырылады.