АЛА ШАПАНДЫ АҒАЙЫНМЕН БАЙЛАНЫС НЫҒАЯДЫ

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның ауқымды ресурстық базасы, адами капиталы мен туристік әлеуеті түркі елдерін біріктіретін «TURAN» арнайы экономикалық аймағын құруға қолайлы. Бұл жөнінде облыстық Инвестиция және экспорт басқарма басшысының орынбасары Нұргүл Абдразақова бастаған делагация Өзбекстан Республикасының инвесторларымен кездесуінде атап өтті.

Аталған аймақтың ерекшелігі мен мүмкіндіктері, жеңілдіктері таныстырылған соң Хорезм облысы әкімдігі мен Түркістан облысы делагациясы арасында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалары бойынша ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Хорезм және Ферғана облыстарында орналасқан тоқыма өнеркәсіптерінің әлеуетімен танысқан түркістандық делегация өкілдері инвесторларға — Түркістан облысында кәсіпорын ашуға жасалған мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді таныстырды.
Үргенч және Ферғана қалаларында орналасқан «UrTex CARPETS», «Urgench Cluster Group», «Urgench Baxmal», «Gurlan Global Teks», «Uztex Shovot» және «Fergana Global Textile» тігін фабрикалары, сонымен қатар, «Oltyn Vody», «Qoqan CHARIM» тері өңдеу кәсіпорын басшыларымен кездесу арқылы Түркістан облысында бизнес әлеуетін кеңейтуге болатындығы жайында сөз болды. Кездесу соңында қос тарап бірлескен сындарлы жұмысы арқылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен жан-жақты әріптестікті нығайтуға өз ықпалын тигізетіндіктеріне сенім білдірді. Айта кетейік, елімізде тоқыма өндірісінде негізгі үлесті Түркістан облысына 31%-ы және Шымкент қаласы 25%-ы тиесілі. Дәстүрлі түрде мақта Түркістан облысында өсіріледі. Тиісінше, мақта өңдеу кәсіпорындары негізінен оңтүстік өңірде шоғырланған.