МИКРОНЕСИЕЛЕР КӨЛЕМІ 5 ЖЫЛДА 6,4 ЕСЕГЕ ӨСКЕН
несиені кешіру кеңшілік пе, кемшілік пе?
Халықаралық деңгейде орын алып жатқан саяси оқиғалардың әрбір қазақстандықтың өміріне айрықша әсер еткені белгілі. Базардағы бағаның құбылуы әлеуметтің әлеуетіне тікелей әсер етіп келеді. Өз кезегінде, тұрмыстық шығындарды жабу үшін халықтың несиеге жүгінуі жиілеп барады. Табыс жоғары болмағандықтан, кредитті уақыты төлей алмай, қара тізімге енген қазақстандықтардың саны да айтарлықтай көп. Соңғы уақытта елімізде микроқаржы нарығы тұрақты өсіп келеді. Халық арасындағы танымалдығы да жоғары. Жуырда Finprom.kz аталған салаға қатысты зерттеу нәтижелерін жариялады. Жағдай мәз емес. Тарқатайық…
Соңғы статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, еліміздегі 243 микроқаржы ұйымының жиынтық несие портфелі екінші тоқсанның қорытындысы бойынша 838,3 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58 пайызға артық. Бұл ғана емес, соңғы 5 жыл ішінде аталған саладағы микронесиелер көлемі 6,4 есеге өскен. Салыстырар болсақ, 2022 жылдың маусымында еліміздегі екінші деңгейлі банктердің несие портфелі бір жылда 27,1 пайызға, ал 5 жылда небәрі 37,2 пайызға өскен. Осының өзі халықтың микроқаржы ұйымдарына қаншалықты жүгінетінін аңғартады. Аталған саланың дамуына 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттінің микроқаржы ұйымдарын лицензиялауды енгізуі себеп болған. Аталған бастамадан кейін нарықтың тартымдылығы артып, оған жүгінетіндер саны көбейген. Мұны мына дерекпен дәлелдеуге болады. Соңғы 5 жылда бар-жоғы 146 микроқаржы ұйымы тіркелген болса, былтырдың өзінде бұл көрсеткіш 217-ге жеткен.
Саладағы несие портфелі бойынша алғашқы ірі 10 компания жалпы нарықтың 76 пайызын құрап отыр. Көшті KMF бастап келеді. Оның жалпы несиелерінің көлемі 191,3 млрд теңгеге жетеғабыл. Ең қызығы, бір жыл ішінде аталған көрсеткіш 36,1 пайызға өскен. Күні бүгінге дейін белсенді жұмыс істеп келе жатқан компанияны Fitch Ratings мамыр айында «В+» деңгейін растады. Ал екінші және үшінші орында тек автонесие нарығында жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары – MyCar Finance пен «Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан». Бір қызығы, бірінші жартыжылдықта елімізде және әлемде орын алып жатқан оқиғаларға қарамастан, еліміздегі микронесиелер көлемі 141,9 млрд теңгеге өскен. Сәйкесінше, аталған нарықтағы компаниялардың несие портфелі де артып отыр. Мәселен, ең үлкен өсім 29,6 млрд теңгемен KMF-те байқалып отыр. Статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, аталған микроқаржы ұйымына ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіндер жиі жүгінеді. Себебі компанияның несие портфелінің 39 пайыздан астамы немесе 66,6 млрд теңге аталған салаға тиесілі. Нарықта бұдан бөлек «Арнұр Кредит» пен «Азиялық несие қоры» да салаға белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді.
Қош делік, кәсіпті дөңгелету мен кеңей туге қатысты немесе маусымдық мәселелерге қарай кәсіпкерлердің несиеге жүгінуін қалыпты құбылыс деп санайық. Ал кепілсіз тұтынушылық кредитті алып, мерзімі жеткенде қайтара алмай жатқан қазақстандықтардың мәселесін қалай шешуге болады? Соңғы статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, онлайн несие алып, қайтармай жүргендердің саны 380 мыңға жеткен. Биылдың алғашқы сегіз айында 434 мың адам мерзімі 90 күнге кешіксе де несиесін төлемеген. Олардың берешегі 71 млрд теңгеден асып жығылады. Жуырда әлеуметтік желіде микроқаржы ұйымдарынан алынған қарыздардың бір бөлігі ішінара кешірілетіні турасында ақпарат тарады. Ашып айтсақ, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов микроқаржы ұйымдарының 432 мың қарыз алушының проблемалық берешегін қайта құрылымдалатынын айтты. Нақтырағы «Агенттік жыл басында кепілсіз онлайн микрокредит беру сегментіндегі 30 микроқаржы ұйымынан азаматтардың проблемалық микрокредиттерін төмендету жөніндегі жеке жоспарларын талап етті. Ұсынылған жеке жоспарлар аясында 2022 жылдың соңына дейін микроқаржы ұйымдары 33,1 млрд теңге сомасына 432 мың қарыз алушының проблемалық берешегін қайта құрылымдауды, 0,8 млрд теңге сомасына 107 мың қарыз алушыны ішінара кешіру және 0,6 млрд теңге сомасына 28 мың қарыз алушыны толық кешіру жоспарлаған» деді ол. Агенттіктің ақпаратынша, 2022 жылдың 1 қазанында микроқаржы ұйымдары 285,5 мың қарыз алушыға қатысты проблемалық берешекті төмендету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырды. Яғни негізгі борыш пен сыйақы бойынша 66,4 мың қарыз алушының 585 млн теңге берешегі, 756 млн теңге тұрақсыздық айыбы толық және ішінара кешірілді. 4,8 млн теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбы есептен шығарыла отырып, 15,3 млрд теңге сомаға 219,9 мың борышкердің микрокредиті қайта құрылымдалды.
Бастаманың микроқаржы ұйымдарына берешегі бар азаматтарға қолдау болары белгілі. Әйткенмен мұны толықтай қолдамайтындар да бар. Мәселен, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «Халықты масылдыққа үйретіп алмауымыз керек. Несиеге жауапкершілікпен қарайтындар және уақытылы төлемейтіндер бар. Тіпті төлеуге мүмкіндігі болса да, қарыздан қашып жүргендер де табылады. Сондай қашып жүрген, үсті-үстіне кредит ала беретін, жауапкершілігі төмен азаматтардың несиесі кешіріліп, ал несиесін өзі төлеп, тапқан-таянғанын үнемдеп жүрген азаматтар жүйеге кірмей қалса, әділетсіздік болады. Мысалы, әлеуметтік жағдайы кезінде жақсы болған, бірақ кейін табыс тауып отырған адамның қайтыс болуы, болмаса жұмыстан шығып қалуы сияқты қиын жағдайға түскен отбасылар болады. Олардың несиесін ішінара кешіруге болады. Бірақ, адамдардың бәрінің несиесін жаппай кешіру дұрыс емес» дейді ол. Бұған дейін қаржыгерлер де несиені кешіру бастамасы бюджетке ауқымды салмақ салатынын бір емес бірнеше рет айтқан болатын.
Қорыта айтқанда, жұрт жетіскеннен несиеге жүгінбейді. Біреу қаржылық қиындыққа тап болады. Біреу аяқасты ауырып қалады. Енді бірі қыс қыса бастаған уақытта отын-суға қаржы таппай, қарыз алады. Ал табыстың төмендігі несиені дер кезінде төлеуге кедергі жасайтыны тағы бар. Ал халықтың несиесін жаппай кешіру онсыз да ортайып қалған ұлттық қордағы қаржыны азайта түсері анық. Қош делік, жаңа бастама жүзеге асса, мыңдаған азаматтың мәселесі шешілері анық. Одан кейін ше? Қаржылық сауатты арттыру мен табысты көбейтуге қатысты қандай шара көріледі? Мәселенің микроқаржы ұйымдарынан алынған кредитті кешірумен шешілмесі анық. Ал бұл сұрақтың басы әзірге ашық…
С.НҰРАЙ..