«АРСЕЛОРМИТТАЛ ТЕМІРТАУҒА» ТАЛАП ҚОЙЫЛДЫ

Өткен аптада Шахтинск қаласына жақын Ленин атындағы шахтада тағы метан жарылды. Бес кенші қаза тапты. Бұл бірінші жағдай емес. Бұған дейін де мұндай апаттар болған. Осы орайда, Премьер-министр Әлихан Смайылов өнеркәсіптік өндіріс иелеріне, оның ішінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қойылатын жаңа талаптар турасында тарқата айтты.

Сенаттың жалпы отырысында ол «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға тиесілі Қарағанды облысындағы шахталардағы апатқа тоқталайын. Жақында көмір өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшартын қайта қарау барысында осы компанияға алғаш рет қосымша талаптарды енгіздік – жыл сайын көмір өндірісін жаңғыртуға кемінде 150 млрд теңге бөлу, көмір қабаттарын газсыздандыруға 37 млрд теңге инвестиция бөлу. Бұрын жер қойнауын пайдаланушыларда мұндай міндеттер болмаған. Басқа жер қойнауын пайдаланушыларға да осындай қосымша талаптар мен міндеттемелерді күшейтуді жоспарлап отырмыз» деді. Бұдан бөлек, Сенат спикері Мәулен Әшімбаев 2022 жылдың маусымында бір топ сенатор еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатайтатын заң жобасын дайындағанын айтты. Оның ішінде инспекторлардың өкілеттіктері, мүмкіндігінше жоспардан тыс тексерулер де бар. «Қосымша ұсыныстарды дайындау аясында сенаторлар түзетуін ескеруді сұраймыз. Барлығы бірлесе жұмыс істеп, осындай төтенше жағдайлар мен қайғылы оқиғаларға жауапкершілікті күшейтетін нормаларды қабылдауы қажет. Бұл нормалар Қазақстанда мұндай оқиғалар ешқашан қайталанбауы үшін жұмыс істейді деп сенейік» деді Мәулен Әшімбаев.
Ал экологиялық реттеу және бақылау комитеті «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға миллиардтаған айыппұл салынатынын жариялаған болатын. Соңғы 3 жылда аталған компанияға экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынған. Ведомство басшысы Серікқали Брекешев компанияға келесі жылға экологиялық рұқсат берілмеуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Жаңа талаптар компания қызметін жетілдіріп, кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеріне сенуден басқа амал жоқ. Бейбіт күнде ажал құшқан азаматтардың төртеуі – қырықтың қырқасына шықпаған жастар. Бұл – көкейтесті мәселе. Сондықтан талаптың қатаң болуы заңды.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.