САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРМЕН ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Облыс пен аудан әкімдері халықпен жиі жүздесіп, атқарылған жұмыстардың есебін беріп келеді. Аталған есепті жиында тұрғындар өздерін мазалаған мәселелер бойынша сауалдарын қойып, жауаптарын ала алады. Осы орайда, Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев ауданға қарасты бірнеше ауылдық округтің тұрғындарымен тілдесіп, мәселелерін тыңдады.

Әуелі аудан басшысы Қабланбек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, әрі қарай да бұл жұмыстардың қарқынмен жалғасатынын жеткізді. Осыған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешімін тапқан. Атап айтқанда, ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржы қаралып, Қанағат, Жонарық және Ақниет елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары басталды. Нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. Жонарық елді мекенінің басты мәселесі болған дәрігерлік емхана салу мәселесі де шешімін тауып, бүгінгі таңда бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Жеңімпаз мекеме анықталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталатын болады.
Сонымен қатар Қабланбек ауылдық округі арқылы өтетін ағын су арнасының 0,9 шақырымына бетонмен қаптау жұмыстарын жүргізіліп бүгінде пайдалануға берілді. Кездесуде тұрғындар тарапынан аудан басшысына ұялы байланыс арнасының сапасы, табиғи газ және таза ауыз сумен қамтамасыз ету, жол жөндеу және өзге де мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, жауаптар берілді. Аудан басшысы жиында тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, алдағы уақытта заңға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Кездесуден кейін Мұхит Баймұханбетұлы бір топ тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдап, заң аясында жауап берді.
Бұдан кейін аудан басшысы Жартытөбе ауылдық округіне ат басын бұрды. Мұнда да осыған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешімін тапқан. Атап айтқанда, ағымдағы жылы Достық-2 елді мекенінде жаңадан 300 орындық мектеп ғимаратының құрылысы жүргізіліп, бүгінгі таңда пайданалуға берілді. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен Бостандық елді мекенінің тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Нысанның құрылысын ағымдағы жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес, елді мекендердегі көшелердің бойына 7 жол белгілері мен жасанды жол кедергілері орнатылған. Кездесуде тұрғындар тарапынан аудан басшысына жарық шамдарын орнату, мәдениет үйін салу, жол жөндеу, тозығы жеткен электр бағаналары мен желілерін ауыстыру және жасанды жол кедергілерін орнату бойынша сұрақтар қойылып, жауаптар берілді. Аудан басшысы бүгінгі кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, алдағы уақытта заңға сәйкес кезең-кезеңімен шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.