САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖАҢА БІЛІМ ОРДАСЫНЫҢ ЛЕНТАСЫ ҚИЫЛДЫ

Елімізде білім саласында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Оның ішінде Түркістан облысында қолға алынған шаруа қыруар. Мәселен, жуырда Сайрам ауданы жаңа білім ұясымен толықты. Аудан орталығы Ақсукент ауылдық округіндегі Балуан Шолақ көшесінде орналасқан ғимараттың құрылысы ағымдағы жылдың мамырында басталып, қазан айында аяқталды. 

Биыл жеке кәсіпкер Низамхан Сулайманұлы бірнеше жекеменшік мектепті халықтың игілігіне тапсырды. Жаңа мектепке аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Заманауи және типтік үлгідегі 1200 орындық білім нысанының құрылысына 2 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Мердігер мекеме «Авторемстрой — LTD». Аудан аумағында 15 жекеменшік мектеп бар болса, оның 7-уі ағымдағы жылдың 7 айында аталғаны кәсіпкердің демеуімен салынды. Қазіргі таңда 4375 аса бала білім алуда. Балалардың бір ауысымда білім алып, қалған бос уақыттарында пәндік, спорттық және өнер үйірмелеріне қатысуына қажетті жағдай жасалған. Жаңа мектеп қажетті жабдықтармен түгел жабдықталған. Атап айтқанда, мектеп базасында 80 сынып комплексі, спортзал, 30 интерактивті тақта, 45 компьютер, робототехника, биология, химия, физика лаборатория кабинеттері, 400 орындық асхана және акт зал, гимнастикалық зал, ашық және жабық футбол алаңдары, қысқы бассейн, кітапхана бар. Тасымалдау қызметі де ұйымдастырылған.
Мектептің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Ұласбек Садібеков, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, аудан әкімінің кеңесшісі Рысқұл Есполай, Ақсукент ауылдық округінің әкімі Әбдіманат Бурбеков, тиісті сала басшылары, ұстаздар қауымы, ауыл тұрғындары және облыстан келген қонақтар қатысты. Салтанатты жиында аудан әкімі жеке кәсіпкердің халыққа жасап отырған игі бастамасын қолдап, Низамхан Сулайманұлының айрықша еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Парасат» орденімен наградталғанымен құттықтады. Сөзінің соңында кәсіпкер мен ұстаздардың еңбектеріне шығармашылық табыс, отбасыларына бақ-береке мен амандық тілеп, сонымен қатар білім саласының дамуына қосып отырған елеулі үлестері үшін алғысын жеткізді. Кәсіпкер мектептің директорына алтын түсті кілтті қолына тапсырған соң, лента қию рәсімі жалғасты. Шара соңында аудан басшысы және қонақтар жаңа ғимараттың ішін аралап, мектептің мүмкіндіктерімен танысты.