ҚАЗАҚСТАН КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ РЕЙТИНГІНДЕ 73-ОРЫНҒА ТҰРАҚТАҒАН

жол азабы қашан азаяды?

Қоғамның кез келген саласының қарыштап дамуы жолдардың сапасына тікелей байланысты. Себебі жол экономиканың күре тамыры іспетті. Өндірушінің нарыққа дер кезінде жетуі жолдың сапасына тікелей байланысты. Сондықтан елімізде аталған инфрақұрылым түрін жақсарту бағытында бюджеттен миллиардтар бөлініп, жұмыстар қолға алынуда. Ал ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан Қазақстанның жолдарының сапасы халықаралық стандарттарға жауап бере ме? Көрсеткіштер қандай? Осы және өзге де сауалдардың жауабы жуырда ғана Finprom.kz жариялаған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде белгілі болып отыр.

Әуелі, жолдардың маңызына тоқталып өтейік. Өткен жылы Азия даму банкі институтының зертеушілері Орталық Азияның үш еліндегі көлік инфрақұрылымының саудаға әсерін зерттеген болатын. Соның нәтижесіне зер салсақ, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда жалпы көлік инфрақұрылымының сапасын 1 пайызға арттыру экспортты 9,15 пайызға, ал импортты 5,12 пайызға арттыруға мүмкіндік беретін болып шықты. Ал темір жол және әуе көлігіне келетін болсақ, оларды оңтайландыру экспорт пен импортты тиісінше 5,16 пайызға және 7,83 пайызға арттырады. Бұл – жоғары көрсеткіш. Демек еліміздің экспортының артуында аталған инфрақұрылым түрінің маңызы айрықша. Жалпы Қазақстан жол сапасы бойынша аймақта жоғары көрсеткіштерге ие. Нақтырағы, барлық көлік инфрақұрылымының, сондай-ақ жеке автокөлік, теміржол және әуе көлігінің сапасын 1 пайызға арттыру экспорттың тиісінше 8,85 пайызға, 3,69 пайызға, 10,25 пайызға және 27,59 пайызға ұлғаюына әкеледі, ал импорт тиісінше 2,66 пайызға, 2,39 пайызға, 3,16 пайызға және 10,59 пайызға өседі. Бұдан бөлек, жұмысшылардың да өз жұмыс орындарына деген қолжетімділігіне де оң әсерін тигізеді. Ал қолжетімділіктің 1 пайызға артуы компаниялар саны мен жаңа жұмыс орындарының 0,3-0,4 пайызға көбеюіне мүмкіндік береді. Бұл туралы Дүниежүзілік банк мәлімдеп отыр.
Жоғарыда атап өткеніміздей, елімізде аталған инфрақұрылым түрін жақсартуға барынша көңіл бөлініп келе жатыр. Әйтсе де халықаралық деңгейде қарастырар болсақ, Қазақстанның көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Себебі Дүниежүзілік экономикалық форум жасаған Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі Орталық Азиядағы көлік-логистика секторы тиісті деңгейде дамымағанын көрсетіп отыр. Көлік инфрақұрылымының деңгейі бойынша әлемдегі 141 елдің ішінде 2019 жылы Қазақстан 73-орынға, Тәжікстан 111-орынға, ал Қырғызстан 129-орынға жайғасқан. Демек Орталық Азияның үш елінің көрсеткіштері ортадан төмен. Сәйкесінше, мұның өзі өңірдегі экономикалық көрсеткіштердің өсуіне кедергі болып отыр. Осы тұста айта кетерлігі, ТМД елдерінде көрсеткіші жоғары мемлекеттер де бар. Мәселен, аталған рейтингте Әзірбайжан 31-орыннан көрінсе, Ресей 49-орынға тұрақтаған. Ал көшті Сингапур бастап тұр. Ең нашар жол Йеменге тиесілі. Осы тұста айта кетерлігі, еліміздегі жолдардың сапасы да жоғары деуге келмейді. Өйткені бәсекеге қабілеттілік индексі жалпы көлік инфрақұрылымын зерттеп қана қоймай, сонымен қатар жолдардың өзіндік сапасын да бөлек бағалауға мүмкіндік береді. Бұл кіші санаттағы Қазақстанның көрсеткіші – 115 орын. Демек елімізде құрылыс саласы қаншалықты қарқын алғанымен, сапаға келгенде ақсап жатырмыз. Соған қарағанда, құрылысына қыруар қаржы бөлінген халықаралық транзиттік автожол елімізден өтсе де, аталған құрылысқа қарап, жұмысын жүйелендірген компаниялар аз болған сыңайлы.
Тіпті, елімізде де тиісті министрлік жолдар сапасының төмендігін ашық айтып жүр. Мәселен, биылғы тамыз айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті жолдар бойынша бірқатар көрсеткіштерді баяндады. Оған сенсек, Маңғыстаудағы жолдардың 61, Алматыдағы жолдардың 56, Шығыс Қазақстан облысындағы жолдардың 49, Батыс Қазақстан облысындағы жолдардың 43, Түркістан облысындағы жолдардың 40 пайызының сапасы талапқа сай емес. Ал «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми өкілі Ләззат Стамғазиеваның сөзіне сенсек, Қазақстандағы жолдардың тек 20%-ы ғана нашар жағдайда, қалған 80%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда деген статистика бар. Осы тұста мамыр айында Үкімет отырысында аталған мәселенің қозғалғанын айта кетейік. Нақтырағы, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «Жолдардың негізгі бөлігі, яғни 75 мың шақырымы жергілікті жолға жатады. Негізінен, осы жергілікті жолдарға халықтың көңілі толмайды. Біз бұл жолдарды бірлесіп қаржыландыруға дайынбыз. Бірақ қызмет сапасын да талап етуге тиіспіз. Егер бізді қолдап жатса, онда облыстарда әкімдер рейтингін енгіземіз» деген болатын. Бұдан бөлек, жолдардың сапасын қамтамасыз ету үшін 1 мыңнан астам нормативтік-құқықтық акті қайта өңделіп жатқанын және жолдардың сапасы бойынша әкімдер рейтингін анықтау жөніндегі әдістеме әзірленіп, келісу және бекіту рәсімі жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Буы бұрқ етіп, бірден басылған тақырып төңірегінде талқылау болғанымен, нақты нәтижені көзіміз көріп, құлағымыз естіген жоқ. Алдағы уақытта бастама жүзеге асып жатса, құба-құп.
Қорыта айтсақ, жолдың экономикадағы рөлі мен маңызы қаншалықты жоғары екені белгілі болса да, сапаға келгенде ақсап жатқанымыз жасырын емес. Өндіруші өнеркәсіпті дамыту мен экспортты ұлғайтуды жоспарлап отырған ел үшін көлік инфрақұрылымының аталған түрін дамыту айрықша мәнге ие. Әйтпегенде көштің соңында қалғанымыз қалған…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ