ЖАУАПТЫЛАРДЫ ЖАЗАЛАУМЕН МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕ МЕ?
Премьер-министр Әлихан Смайылов мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшылығының қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша кеңес өткізген болатын. Міне, осы жиында Үкімет басшысы азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Сонымен қатар азық-түлік бағасына жауапты бірқатар шенеунікті жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Өз сөзінде Әлихан Смайлов «Министрліктер мен әкімдіктерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу үшін барлық қажетті құралдар, қаржы құралдары, бақылау функциялары бар, бірақ бағаның өсу серпіні жоғары» деп атап өтті. Сондай-ақ ол бұған дейін айналым схемасын қаржыландыруды 100 миллиард теңгеге дейін жеткізу тапсырылғанын, алайда алты өңір – Алматы, Жамбыл, Павлодар, Атырау, Қостанай және Ақмола облыстары осы уақытқа дейін оны іске асырмағанын тілге тиек етті. Премьер-министрдің сөзінше, қызметін қайта форматтау тапсырылған баға белгілеу тізбегін тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысынан әлі де нәтиже жоқ және көкөніс сақтау қоймалары бойынша деректер базасын өзектендіру жүргізілмеген. Осы орайда «Бұл – әкімдіктердің әлсіз жұмысының және Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері тарапынан үйлестірудің жеткіліксіздігінің нәтижесі. Өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін аталған өңірлер әкімдерінің жетекшілік ететін орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын» деген ол қияр, қызанақ және жұмыртқа сияқты бағаның ең көп өсуі байқалатын тауарлық позициялар бойынша нақты шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.
Жиын барысында әлеуметтік азық-түлік тауарларының өсуіне жол бермеу бойынша жұмысты күшейту тақырыбы қозғалды. Үкімет басшысының сөзінше, қазіргі уақытта бағаны тұрақтандыру бойынша барлық құралдар бар. Қош делік, жауаптыларды жазалаумен базардағы бағаның тұрақтанбасы анық. Күн сайын құбылып жатқан бағаны бақылау да нәтиже бермейтініне көзіміз жетті. Ескі әдіспен елдің көкейтесті мәселесіне айналған түйткілді шешу мүмкін болса, бүгінге дейін тұрақтануы тиіс еді. Қымбатшылықтың артында құлықсыздық тұр ма әлде өзге түйткілді түйін бар ма алдағы уақытта белгілі болмақ…