ӨҢІРЛЕРДІҢ ДЕРБЕСТІГІ АРТЫП, МҰНАЙҒА ТӘУЕЛДІЛІК ТӨМЕНДЕЙДІ

Қымбатшылық бүгінде ауқымды мәселеге айналып отыр. Шеттен келетін тауарларға тәуелділік базардағы бағаның бұғаусыз кетуіне сеп болып отыр. Ал осындайда ел билігінің қандай шараларды қабылдайтыны көпті алаңдатары белгілі. Осы орайда, өткен аптада Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өткен болатын. Міне, осы жиында ел экономикасын өрге сүйрейтін заң жобалары қаралды. Нақтырағы, бюджеттен 2023-2025 жылдарға арналған қаражатты бөлу туралы бірқатар құжат мақұлданды. Қоғамды қандай өзгерістер күтіп тұр? Нендей жаңалық бар? Тарқатайық…

Жиында депутаттар ең алдымен «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын талқылады. Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Министрдің айтуынша, мұнай бағасының өзгеруіне қатысты Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттің көлемі нақтыланған. Яғни аталған қаражат мұнайдан Ұлттық қорға түсетін салықтардың көлемінен асып кетпейді. Бұл жөнінде ведомство басшысы «Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы барреліне 2023 жылы 48,9 АҚШ доллары, 2024-2025 жылдары 42,2-40,3 АҚШ доллары деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге, одан әрі 2024 жылы 2 трлн теңге және 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жоспарлы кезеңде қағидаларды қолдану Ұлттық қордың валюталық активтерін 2023 жылы 66,7 млрд АҚШ долларына дейін қалпына келтіруге, одан әрі 2024-2025 жылдары 78,8-93,2 млрд долларға дейін арттыруға ықпал етеді» деп атап өтті.
Сонымен қатар отырыста «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасы да мақұлданды. Аталған құжат әкімшілік-аумақтық құрылым мен үш жаңа облысты қайта құруға қатысты әзірленіп отыр. Белгілі болғаны, бұл заң жобасы өңірлердің дербестігін одан әрі арттыруды көздейді. Өз сөзінде Әлібек Қуантыров «Заң жобасында бюджет саласы қызметкерлері жалақысының орта есеппен 25 пайызға өсуіне, сондай-ақ жекелеген түсімдерді жергілікті деңгейге 300 млрд теңге көлемінде беруге байланысты қосымша түсімдер ескерілді. Біздің бағалауымыз бойынша, аталған шараларға ағымдағы жылы 2020-2022 жылдарға белгіленген салық жеңілдігінің аяқталуы қосымша серпін береді. Болжам бойынша өңірлердің кірістері 2022 жылы 4,7 трлн теңгеден 2025 жылы 6,1 трлн теңгеге дейін немесе 30 пайызға артып, 2025 жылға өзіндік кірістер үлесінің 47 пайызға дейін өсуін қамтамасыз етеді» деді.
Бұдан бөлек, жиын барысында «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы да талқыланды. Онда мұнай өндіру мен оның нарықтағы бағасына қатысты деректер келтірілді. Осы тұста қоғамды жайлап бара жатқан инфляция мәселесі де сөз болды. Нақтырағы, бұл туралы ведомство басшысы «Инфляция 2023 жылы 7,5-9,5 пайыз деңгейінде, 2024 жылы – 4-5 пайыз, 2025-2027 жылдары 3-4 пайыз деңгейінде белгіленді. Ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі 2023 жылғы 4 пайыздан 2027 жылы 4,2 пайызға дейін жеделдетіледі деп күтіп отырмыз. Номиналды ішкі жалпы өнім 120,7 трлн теңгеден 176,6 трлн теңгеге дейін өседі. Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 99,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 80,9 млрд доллардан 84,6 млрд долларға дейін, импорт 45,7 млрд доллардан 53,5 млрд долларға дейін өседі» деді.
Бұдан кейін сөз алған Қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржанов бюджетке түсетін түсімдер тақырыбында баяндама жасады. Оның сөзінше, 2023 жылға арналған түсімдердің көлемі 2 трлн теңгеге артып, барлығы 17,8 трлн теңгеге жетпек. Сәйкесінше, республикалық бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің көлемі азая береді. Нақтырағы, 40,2 пайыздан 2025 жылға қарай 21,8 пайызға дейін төмендемек. Бұл туралы ол «2023 жылы мұнай секторынан түсетін түсімдер 1,4 трлн теңгеге азайып, 5 трлн теңгені құрайды. 2025 жылға қарай олардың көлемі 4,1 трлн теңгеге дейін жеткізіледі. Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт мынадай көлемдерде жоспарланады: 2023 жылы – 2,2 трлн теңге, 2024 жылы – 2 трлн теңге, 2025 жылы – 1,9 трлн теңге. Нысаналы трансферт келесі жылға 1 трлн теңге және 2024 жылға 400 млрд теңге мөлшерінде айқындалған. Мұнайдан басқа салалардағы түсімдердің үлесі 2022 жылғы 59,8 пайыздан 2025 жылға қарай 78,2 пайызға дейін өседі деп жоспарланған». Тағы бір айта кетерлігі, бюджет тапшылығына қатысты түйткіл де бірте-бірте шешімін таппақ. Яғни ішкі жалпы өнімнің 3,3 пайызын құраған бюджет тапшылығы 2025 жылға қарай 2,5 пайызға дейін төмендетіледі.
Отырыста Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов та баяндама жасады. Оның арты депутаттардың сауалдарына ұласты. Көтерілген мәселелердің қатарында қоғамды әлекке салған инфляция мәселесі де бар. Бұл сұраққа алғаш болып Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жауап берді. Өз сөзінде премьер-министр әлемде орын алып жатқан геосаяси оқиғалардың салдарынан елімізде ғана емес жалпы әлемде инфляцияның өршіп тұрғанын тілге тиек етті. Нақтырағы «Атап айтқанда, АҚШ пен Еуропа одағы соңғы 40 жылдағы инфляцияның рекордтық деңгейіне тап болды. Ал азық-түлік тауарлары үшін одан да жоғары деңгейде байқалды. Көрші елдерде де инфляцияның жоғары деңгейі тіркелді, шамамен 14-15 пайыз. Инфляцияның өсуіне энергетикалық ресурстарға, минералды тыңайтқыштарға, азық-түлік тауарларына бағаның өсуі және көлік логистикасының проблемалары ықпал етті. Ресей импортының күрт азаюына байланысты рубль долларға және тиісінше теңгеге қатысты 30 пайызға нығайып, теріс әсерін тигізді. Осылайша, Ресейден Қазақстанға келетін барлық импорт автоматты түрде 30 пайызға қымбаттады. Еліміздің импортында Ресейдің үлесі 40 пайызға жуықтайды. Бұл теріс факторларды былтыр республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде болжай алмағанымыз анық» деді. Үкімет басшысының сөзіне сенсек, бүгінде жауапты министрлік тарапынан шеттен келетін тауарлардың ішкі нарықтағы үлесін азайтуға бағытталған кешенді іс-шаралар атқарылып жатыр. Мақсат – отандық өнімнің әлеуетін арттыру арқылы импорттық тауарларға деген тәуелділікті азайту. Үкімет басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың бір жарқын мысалы ретінде ауыл шаруашылығын қаржыландыру 2 есеге артқанын алға тартты. Сандарға сенсек, соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша аталған саланың жалпы өнімі 7 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына құйылған инвестиция нақты мәнде 7,5 пайызға өсіп отыр. Бұдан бөлек, шикізаттық емес секторға орта мерзімді перспективада 25 триллион теңгені құрайтын 734 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішіндегі 440 жоба импортты алмастыруға бағытталып отыр. Ағымдағы жылы 158 жаңа өнеркәсіптің нысан жұмысын бастамақ.
Қош делік, бүгінгідей сын сағатта Үкіметтің едел-жедел іске кірісуі қажет-ақ. Тұралаған салалардың тамырына қан жүгіртетін бастамалар жүзеге асса, жүздеген жұмыс орындарының ашылып, әлеуметтің әлеуетін көтеруге де сеп болары бесенеден белгілі. Десе де арқаны кеңге жайып, баршасы Үкімет басшысы мен министрлердің есебіндегідей мінсіз боларына сенуге әлі де ерте. Қоғамды бірнеше жылдан кейін жүзеге асатын бастамаға қарағанда бүгінгі күнде қалтаны қағып бара жатқан қымбатшылық сынды өзекті түйткілдер толғандырады. Бұдан бөлек, кредитке белшесінен батқан әлеуметті алдағы жылдарда жүзеге асатын жобалармен алдау да мүмкін емес. Себебі қоғамның тәтті уәде мен мінсіз баяндамалардан шаршағаны анық.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.