ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНА ҚАТЫСҚАНДАРҒА РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖАСАЛАДЫ

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары палатаның жалпы отырысында «Рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңын қабылдады. Енді аталған заңға сәйкес қаңтар оқиғасына қатысушылардың бір бөлігі жазадан босатылады.
Сенаттың жауапты комитетінің қорытындысында көрсетілгендей, Заң жобасына депутаттар бастамашылық жасады және ол мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы шеңберіндегі тапсырмаларды орындау үшін әзірленді. «Құжатта қазақстандықтарды қылмыстық теріс қылықтары мен ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін жазадан босатуды көздейтін нормалар жазылған. Мұндай қылмыстар үшін жазасын өтегендерден соттылығы алынады. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға: ауыр қылмыстар үшін – сот тағайындаған мерзім төрттен үшке, ал аса ауыр қылмыстар үшін жартысына қысқарады. Бұдан басқа, заңда босатылатын адамдарды қайта әлеуметтендіру, яғни жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету және құжаттарды ресімдеу шаралары қарастырылған. Бұл ретте азаптаулар жасаған адамдар, террористер, экстремистер, рецидивистер және тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар рақымшылыққа жатпайтынын атап өткен жөн» делінген Сенаттың ресми интернет ресурсында жарияланған хабарламада.
Заң жобасының негізгі міндеті – 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығындағы кезеңде арандатушылардың ықпалына түскен және жаппай тәртіпсіздіктер жағдайында қылмыстық іс-әрекеттер жасаған адамдарды, сондай-ақ қаңтар оқиғасы уақытында құқыққа қарсы іс-әрекеттің жолын кесу кезінде қылмыстық құқықбұзушылыққа жол берген құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерді жазалау мерзімін қысқарту және жазаны өтеуден босату. Заң жобасы ізгілік актісінің қолданылуына жататын Қылмыстық кодекс баптарының тізбесін, рақымшылықты қолдану шарттары мен тәртібін қарастырады, сондай-ақ босатылған адамдарды орналастыру, жұмысқа тұрғызу, оларға әлеуметтік және өзге де көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар бойынша Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың құзыретін бекітеді.
Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Заң «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде тәртіпсіздіктермен байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтарға барған азаматтарды қылмыстық жауаптылықтан босатуды және олардың жаза мерзімдерін қысқартуды көздейді. Сонымен қатар заңда рақымшылық жасауды қолдану шарттары, тәртібі және ол қандай адамдарға қолданылмайтыны туралы нақты нормалар белгіленген. Бұл заңды тәртіп бұзуға жол берген адамдарға қатысты қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманистік қадам деп қабылдаймыз. Бұдан былай осындай қайғылы оқиғалар елімізде ешқашан қайталанбайды деп сенеміз» деп атап өтті.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жалпы 1,5 мыңға жуық адам рақымшылықа ілігетінін хабарлады.

С.НҰРАЙ.