АСАНБАЙ АСҚАРОВТЫ ЕСКЕ АЛУ РӘСІМІ ӨТТІ
Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, мемуаршы, зерттеуші, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай, Шымкент қаласындағы Әл-Фараби алаңында тау тұлғаны еске алу рәсімі өтті. Оған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, бір топ зиялы қауым, жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдері қатысып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Шаһар басшысы шара барысында қазан айында Асанбай Асқаровтың мұрасы мен оның тарихи тұлғасын тануға арналған республикалық конференция өтетінін жеткізіп, қоғам қайраткерінің басшылық еткен жылдарын еске түсірді. «Асанбай Асқаров басшылық еткен жылдары Шымкент қаласы көркейе түсті. Шаһардың экономикасы мен өнеркәсібі дамып, жаңадан көпқабатты тұрғын үйлер көптеп салынды. Қаламыздағы дендросаябақ, хайуанаттар бағы мен өзге де мәдениет және спорт нысандары бой көтерді. Бүгінде Шымкентте Асанбай Асқаровтың ескерткіші, ол кісінің атындағы көше мен орта мектеп және мұражайы бар. Осыдан екі жыл бұрын Шымкенттегі денросаябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың қаламынан туған «Асқаровтың ақ қайыңдары» драмасы 2017 жылдан бері Шанин атындағы қалалық драма театрында қойылуда» деді қала әкімі.
Айта кету керек, Үкіметтің ұйғарымымен Асанбай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойы көршілес Жамбыл облысында, өзінің туған жерінде республика көлемінде жары мен балаларының қатысуымен өтіп жатыр. Мерейтойға Шымкент қаласынан да қызметтес болған ардагерлер қатысуда.