ШЫМКЕНТ: ЖҮГІРУ МАРАФОНЫНДА РЕКОРД ОРНАДЫ
Шымкент қаласында салауатты өмір салтын сақтау бағытында ауқымды бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылып келе жатыр. Бұдан бөлек, түрлі шаралар да ұйымдастырылуда. Мәселен, жуырда ғана үшінші мегаполисте жүгіру марафоны өтті. 5-рет өткізіліп отырған шара барысында рекорд та орнатылды.
Жүгіру марафонына бас-аяғы 5 мыңға жуық азамат қатысты. Оның ішінде 6 жастағы баладан бастап 76 жастағы қарияға дейін бар. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қолға алынған бұқаралық сайыстың жүлде қорына 11 млн теңге қойылды. Марафонға әр облыс, қаладан және алыс-жақын шетелдерден атап айтқанда, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келген әуесқой спортшылар бірнеше қашықтық бойынша бақтарын сынады. Ең ұзағы — 42 шақырым. Оны Шохрух Давлатов есімді желаяқ бірінші болып бағындырды. Көрші ел Өзбекстан Республикасынан келген марафоншы аталған аралықты 2 сағат 25 минутта жүгіріп өтті.
Бұдан бөлек, 5, 10 және 21 шақырымдық жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлақтармен марапатталды. Жалпы марафон бағдарламасына скандинавиялық жүріс пен экиден сынды бағыттар да қосылды. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар спорттық шараны тұрақты түрде өткізіп, оның форматы мен ауқымын кеңейтуді жоспарлауда.