АЗАТТЫҚТАРДЫҢ ТАҒЫ БІР МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылым саласында қыруар іс атқарылып жатыр. Күні бүгінге дейін қалаға қарасты шалғайда жатқан елді мекендердің ішкі орамдық көшелеріне шағал тас пен асфальтбетон төселіп, жалпы жолдардың сапасы жоғарылады. Қала берді, бүгінде құрылысы аяқталған өңірлердің тұрғындары қуанышқа бөленіп, өзекті мәселелерінің шешіліп жатқанына дән риза.

Мәселен, Қаратау ауданына қарасты Азат шағын ауданы тұрғындарының газ мәселесі шешімін тапты. Қала әкімі Мұрат Әйтеновпен бірге халық қалаулылары, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент филиалы директоры С.Исмайлов және халық қалаулылары, «Қоғамдық кеңес» төрағасы Б.Әлтеев пен жергілікті тұрғындар, сондай-ақ, БАҚ өкілдері бүгінгі қуаныштың куәсі болды.
Мұнда 8,9 шақырым газ құбыры тартылып, жұмыс толық аяқталды. Нәтижесінде 519 абонент көгілдір отынмен қамтылмақ. Қазіргі уақытта «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент филиалы тарапынан абоненттеу жұмысы жүргізілуде. Биыл қала бойынша 15 нысанда газбен қамту құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңында Батыс, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Нұртас, Тұран 2 кезек, Сәуле елді мекендері және Ақтас магистралды жүйелердің құрылысы аяқталады. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйелеріне қосылмақ. Қала басшысы күн суытпай абоненттеу жұмысын аяқтауды тапсырды.