САПАЛЫ ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫ БЕРІЛДІ

Шымкент қаласына қарасты шалғайда жатқан шағынаудандар мен елді мекендердегі ең өзекті мәселенің бірі де бірегейі – инженерлік инфрақұрылым. Осы тұста қолға алынған шаруаның да қыруар екенін айта кету керек. Жыл басынан бері сапалы электр жарығын, ауыз су мен көгілдір отын тарту бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынған. Нәтиже де жоқ емес. Тарқатайық…

Абай ауданына қарасты Солтүстік саяжай елді мекенін сапалы электр қуатымен қамту толығымен аяқталып, тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу үшін абоненттеу жұмысы басталды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов аймаққа арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Кездесуде мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері де болды. Құрылыс барысында 4 773 электр бағанасы мен 70 трансформатор орнатылып, 145 шақырым электр желілері тартылды.
Бұған дейін Солтүстік саяжай елді мекені тұрғындары жекеменшік желіден сапасыз электр қуатын тұтынып келген болатын. Ең бастысы, осыған дейін тұрғындар 1кВ электр қуаты үшін 30-35 теңге төлеп келген болса, қазір ол баға арзандап, 17,96 теңгеге түсті. Енді тұрғындар қажетті құжаттарды «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС мекемесіне өткізу арқылы мемлекеттік желіден электр тұтына алады. Жалпы жұмыс нәтижесінде, Солтүстік саяжайдағы 5 784 абонент сапалы электр қуатымен қамтылмақ.
Айта кетейік, биыл сапалы электрмен қамту мақсатында 6 елді мекенде құрылыс жұмысы қарқынды жүруде. Жыл қорытындысымен, Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап елді мекендерінде құрылыс жұмысы аяқталып, 22 мыңға жуық халық сапалы электрмен қамтылуға мүмкіндік алады. Биылғы қамтылу көрсеткіші 98 пайыз болса, 2023 жылы мегаполистегі барлық елді мекендер 100 пайыз сапалы электр қуатымен қамтылатын болады. Бұдан бөлек, шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың ішкі орамдық көшелері де күрделі жөндеуден өтіп, асфальтбетон төселуде. Нәтижесінде қаладағы жақсы және қанағаттанарлық көшелердің үлесі артпақ.