ЖАҢАТАЛАПТА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛҒАН
Шымкент қаласындағы сапалы электр жарығы мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр. Күні бүгінге дейін қалаға қарасты бірқатар елді мекендерде құрылыс жұмыстары аяқталып, жарық берілді. Бұдан бөлек, құрылыс жұмыстары қарқын алған шағынаудандар да бар.
Мәселен, жуырда шаһар басшысы Мұрат Әйтенов Абай ауданына қарасты Жаңаталап тұрғын алабында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын бақылады. Былтыр елді мекеннің 6 мыңнан астам тұрғыны ауыз сумен қамтылған болатын. Енді сапалы электр жарығын тарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
«Жаңаталап» подстанциясы құрылысының 90% аяқталған. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 42,2 шақырымға электр желілері тартылуда. Аяқталу мерзімі қазан айының соңына жоспарланған. Шаһар басшысы ауыл ақсақалдары мен қоғам белсенділеріне құрылыс жұмысымен қатар абоненттеу жұмыстарының жүргізілуіне жергілікті тұрғындарды жұмылдыру керектігін атап өтті. Сонымен қатар «Абоненттеу, ескі жүйені жаңа жүйеге қосуға да уақыт кетеді. Сондықтан құжаттарды қазірден бастап дайындауға кірісіңіздер. Ал жұмыстың мерзімінде және сапалы орындалуы біздің бақылауымызда» деді қала әкімі өз сөзінде.
Бұдан бөлек, биыл Жаңаталап тұрғын алабындағы 2 көше, атап айтқанда 1,5 шақырымды құрайтын Жұманов және Айдарқұл көшелеріне жарық орнатылуда. Әзірге жұмыстың 20%-ы орындалды. Сондай-ақ жайлы орта қалыптастыру бағдарын ұстанған Шымкенттің Жаңаталап тұрғын алабында бүгін 2 ойын алаңшасы ел игілігіне берілді. Жұмыс барысымен танысқан қала басшысы, ойын алаңшасына орнатылған құрылғылардың сапасын тексеріп, қосымша жұмыстар бойынша мердігер мекеме және тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктесе, тұрғындардан өз алаңшаларын күтіп ұстауды өтінді.