ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАМАЙТЫНДАРДЫҢ САНЫ КӨБЕЙІП БАРАДЫ
Аптап ыстықта болмаған алапат өрт жаз ауа қалың жұртшылықты әлекке салды. Қостанайда орын алған оқиғаның салдарынан ондаған тұрғын үйінен үдере көшті. Баспанасы оттың ортасында қалған азаматтар түрлі мекемелерді паналады. Десе де мемлекет тарапынан тиісті шаралар дереу қолға алынды. Еліміздің түкпір-түкпірінен өрттен зардап шеккен азаматтарға көмектер жіберілді. Азық-түлік пен құрылыс материалдары тиелген жүк көліктері ағылды. Рас, көп өтпей, өрттің беті қайтты. Артынша еліміздің өзге өңірлерінде де от қойып жүрген азаматтардың бейнежазбасы пайда болды. Мұны қасақана жасалған әрекетке балайтындар көп. Ал біз осы тұста сандарды сөйлетіп көрейік…
Оттың тұтанып, алапат өртке айналуына қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың өзі себеп болуы бек мүмкін. Ал бұл тұрғыдан келгенде, жағдай жақсы деуге келмейді. Finprom.kz мәліметінше, елімізде өртке байланысты құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны артып отыр. Жыл басынан бері өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға байланысты 41 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Өңірлерге ойыссақ, көшті елорда бастап тұр. 2022 жылдың қаңтары мен тамызы аралығында барлығы 6 қылмыс тіркелген. Одан кейінгі орындарға 5 жағдаймен Түркістан және 4 жағдаймен Солтүстік Қазақстан облыстары жайғасқан. Қош делік, қауіпсіздік талаптарын сақтамай, өзгенің құқығына қол сұғатындар жазаланған. Жалпы көрсеткіште кему байқалады. Қылмыстық құқық бұзушылық көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,8 пайызға аз. Әйткенмен бұл жағдайдың оңалғанын аңғартпайды…
Себебі биылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы елімізде өртке байланысты 15,2 мың әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 19 пайызға артық. Соңғы ірі оқиғалардың қатарында жуырда ғана орын алған Қостанайдағы оқиға да бар. Нақтырағы, «Оружейная палата» бір қабатты дүкенінде орын алған өрт жақын маңдағы техникалық қызмет көрсету станциясы мен асхана ғимаратының шатырына өтіп, 2 мың шаршы метрден астам аумаққа тараған. Нәтижесінде 7 адам зардап шекті. Оның алтауы ауруханаға жатқызылды. Жалпы биыл өртке байланысты құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны бірден 18,8 пайызға өсіп отыр. Яғни 15,1 мың адам әкімшілік жауапкершілік арқалаған. Оның ішінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны немесе сақтамағаны үшін 13,5 мың адам, көліктегі өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 706 адам, атмосфералық ауаны қорғау және қалдықтарды сақтау немесе жағу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін 371 адам жауапқа тартылды. Тағы 236 адам ормандарда өрт қауіпсіздігі мен санитарлық ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, су шаруашылығы құрылыстарын, құрылғыларын және өртке қарсы сумен жабдықтау жүйелерін бүлдіргені және оларды пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 207 адам, өрт қауіпсіздігі саласындағы тексеру барысында Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін 9 адам жауапқа тартылғанын да айта кету керек.
Аталған апаттың салдары да ауыр болары белгілі. Ең ауыры биылғы жылы орман және дала өрттері еліміздің көптеген облыстарын, соның ішінде Қостанай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Абай, Жетісу облыстарын шарпыды. Әдетте мұндай ірі өрттердің өзі рұқсат етілмеген жерге от жағу, ауыл шаруашылығы жерлеріндегі құрғақ шөптің жануы, сабан жағу, орман мен далалы алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау сынды қарапайым әрекеттерден басталады. Ал оның арты орны толмас өкінішке ұрындырары тағы белгілі. Мәселен, жуырда ғана Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орын алған өрттің салдарынан 43 мың гектар аумақ отқа оранды. 91 тұрғын үй жанып кетті. Өрт басталғаны 2 мыңнан аса адам эвакуацияланды. 12 адам өрт кезінде жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақат алып, күйік шалып, уланды. Бір адам қаза тапты. Өртті сөндіруге 1785 адам және 207 бірлік техникадан құрылған күштер және құралдар жұмылдырылды. Мұның артында қаншама қаржы мен уақыт жатыр. Қарапайым тұрғындардың тіршілігі мен өмірі тұр. Бей-жай қарауға әсте болмайды.
Жалпы елімізде қоршаған ортаны қорғау ісі кейде сенбіліктермен ғана шектеліп жатқандай көрінетіні жасырын емес. Мамандар биыл орын алған алапат өрттің жуық арада болмағанын айтып, дабыл қаққаны да белгілі. Ендеше салаға баса назар аударылып, тиісті шараларды көріледі дегенге сенейік. Өрт сөндіру қызметіндегі барша түйткілдің жалақыны көтерумен шектелмесі анық. Ал жауапты минитсрліктің қандай шара көретіні алдағы уақыттың еншісінде…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.