БІР ЖЫЛДА НЕКЕ САНЫ 15 ПАЙЫЗҒА АЗАЙҒАН

Соңғы жылдары елімізде ажырасу көрсеткішінің артып бара жатқаны турасындағы ақпарат жиіледі. Бұдан бөлек, жастардың отбасы құруға асықпайтыны да жиі сөз болады. Отбасын құру – екі жас үшін де үлкен жауапкершілік. Ендеше жастар неліктен шаңырақ көтеруді кейінгі ысырып келеді? Статистика не дейді? Мамандардың пікірі қандай? Тарқатайық…

Ranking.kz мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында елімізде 55,1 мың жұп неке қиған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2 пайызға аз. Қалалардағы көрсеткіш 5 пайызға қысқарып, 42,6 мыңды құраса, ауылдарда 38,1 пайызға азайып, 12,5 мыңға дейін түскен. Өңірлерге ойыссақ, жұптардың көпшілігі некесін Алматы қаласында тіркеген. Нақтырағы, дәл осы қалада неке куәлігін қолына алған отбасының саны 7,1 мыңды құрайды. Десе де бұл бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 14,7 пайызға аз. Ал үздік үштікке 6 мың некемен Түркістан және 5,6 мың некемен Алматы облыстары кіріп отыр. Антилидер – Солтүстік Қазақстан облысы. Жыл басынан бері аталған өңірде небәрі 1,5 мың ғана неке тіркелген. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға аз. Нәтижесінде жалпы еліміздегі неке қию коэффиценті 1000 адамға шаққанда 6,89-дан 5,77-ге төмендеп отыр.
Қош делік, көрсеткіштің кемуінің астарында сан түрлі себептің бары бесенеден белгілі. Десе де жастар жағы негізінен әлеуметтік жағдайды алға тартады. Осы тұста тағы да статистикаға жүгінейік, жуырда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев парламенттік тыңдауда еліміздегі жастардың жұмыссыздық деңгейі турасында тарқата айтқан болатын. Оның сөзінше, тәуелсіз ұйымдардың сауалнамаларына сәйкес, 25-29 жас аралығындағы респонденттердің шамамен 12%-ы әлі тұрақты жұмыс істемеген. Жоғары білімді қазақстандық жастардың 40%-дан астамы мамандық бойынша жұмыс істемейді. Бұл – өзекті мәселе. Біріншіден, жоғары оқу орындары даярлаған мамандар еңбек нарығында сұранысқа ие емесін аңғартады. Ал мұның бір ұшы тәжірибенің жоғына келіп тіреледі. Қала берді, сапалы маман даярлау бойынша әлі де жұмыстың жандануы керегін көрсетеді. Екіншіден, айлық жалақының төмендігін айғақтайды. Сәйкесінше, айлығы шайлығына жетпейтін жастар жұмысын тастап, өзге салаға кетуге мәжбүр болады. Мұның өзі еліміздегі сапалы кадрлар даярлау ісінде үлкен мәселелердің барын көрсететін тәрізді. Ал соңғы көрсеткіштерге сүйенсек, еліміздегі жастар арасындағы ресми жұмыссыздық деңгейі 3-4 пайыздың айналасында. Демек жастар жағы жиі айтатын әлеуметтік жағдай отбасы құруға кедергі болып отыр деуге негіз бар.
Ал психологтардың пайымынша, жастардың неке қиюға асықпауының артында ата-ананың немесе алдыңғы буынның жақсы үлгі көрсете алмауы жатыр. Міне, сондықтан бүгінгі буын отбасын құруға қорқады. Тәуекелге барғысы келмейді. Талғамы өсіп, танымы кеңейген уақытта шаңырақ құруды қалап, уақытын өткізіп алады. Бұдан бөлек, бүгінде жұптардың бір-біріне қояр талабы да күшейген. Нәзік жандылар тарапы отбасында теңдіктің болуын қалайды. Тәуелсіз болуды мақсат етеді. Сондықтан жақсы жалақы мен жайлы жұмыс табу үшін де уақыт жоғалтып жатады. Өз кезегінде, мақсаты айқын, қадамы нық жұптардың отбасы болғаннан кейін жетістікке жететінін алға тартатын психологтар да бар.
Тағы бір түйткілді түйін – жастардың тіл табыса алмауы. Әдетте отбасылық өмірге енді ғана қадам басқан жұптардың бір-біріне қояр талабы ұштаспай, арты ажырасуға ұласып жататыны да жасырын емес. Осы тұста сандарды сөйлетейік, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында ажырасулар саны 9 мыңды құраған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 5 пайызға төмен. Қалаларда ажырасу саны 3,1 пайызға азайып, 7,1 мыңды құраған. Ал ауылда 11,8 пайызға төмендеп, 1,9 мың болып отыр. Өңірлерге келсек, ең көп ажырасу фактісі Алматы қаласында тіркеліп отыр. Мегаполисте 1,2 мың жұп ажырасуға бел байлаған. Әлеуметтанушылардың айтуынша, ажырасуға тілек білдіретін тарап – көбіне әйелдер. Мысалы, сотқа ажырасу туралы арыз жазатындардың 60 пайызы әйелдер болып шықты. Олар балаға заңды түрде алимент төлету, болашағын қамтамасыз ету мақсатында сондай қадамға барады. Бұл туралы әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова былай дейді «Әйелдердің ажырасуға ниет білдіруінің астарында тек өзін емес, ең алдымен балаларын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету себебі жатыр деп ойлаймын. Ал шаңырақтың шайқалуына отбасындағы ер мен әйелдің жауапкершілігі бірдей. Бұған тек әйел себепші деуге болмас. «Әйел қиындыққа шыдамайды» дегенге келсек, бұл жерде сол қиындықты туғызуға әйел де, ер де бірдей себепші. Қандай қиындықтар кездесуі мүмкін? Зерттеулер бойынша, әлеуметтік, экономикалық, психологиялық факторлар, құндылық факторлары деп бөлінеді. Яғни, ең алдымен отбасының материалдық жағдайы, жұмыспен қамтылуы, баспананың болу-болмауы кей жағдайда ажырасуға әсер етеді».
Статистикаға сенсек, 2000 жылдары жалпы некенің 30 пайызы ажырасумен аяқталса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін артқан. Сондықтан қоғамдағы отбасылық құндылықтар турасындағы тақырып әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоймай келеді. Сарапшылардың пікірінше, ажырасу саны алдағы уақытта да арта беретін болса, екінші және одан кейін туатын балалардың саны да айтарлықтай төмендейді. Ал демографияны үшінші, төртінші және бесінші балалардың жақсартатынын ескерсек, мұның кері көрсеткіштері орасан болмақ. Соңғы бес жыл ішінде ажырасуға өтініш білдіргендердің саны 2019 жылы ең жоғары көрсеткішке жеткен. Бұл уақытта 80 мыңнан астам адам сотқа некені бұзу туралы талап-арыз жазған. Дегенмен бертін келе, нақтырағы, пандемия кезінде бұл сан әлдеқайда төмендеді.
Қорыта келгенде, еліміздегі неке санының азаюы мен ажырасу көрсеткішінің жоғары болуының астарында әлеуметтік жағдайдан басталатын сан түрлі себеп бар. Бүгінде жастардың танымы мен түсінігі, көзқарасы мен қояр талабы да өзгерген. Сондықтан қоғам арасындағы отбасылық құндылықтарды дәріптеу ісін ілгерілетіп, насихатты күшейту қажет-ақ. Әйтпегенде жуық арада жағдай өзгермейтін тәрізді…

Ж.БАЛАУСА.