«ОТБАСЫМЕН БЕЙНЕҚОҢЫРАУ» ҚЫЗМЕТІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Сарбаздарға арналған «Отбасымен бейнеқоңырау» қызметі енгізілді. Аталған жоба бірінші болып елорданың десанттық-шабуылдау құрамасында іске қосылып отыр. Бұл шара Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың тапсырмасына сәйкес, әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар ата-аналарын көріп, тілдесуі үшін ұйымдастырылып отыр.
Десанттық-шабуылдау құрамасында өткен пилоттық телекөпір бастаманы Қарулы Күштердің барлық әскери бөлімдерінде өткізу қажет екенін көрсетті. Бірінші бейне байланысқа әскери бөлімнің басшылығы, мерзімді қызметтегі жауынгерлер және олардың ата-аналары қатысты. Бағдарламаға 30-дан астам абонент қосылды. «Отбасымен бейнеқоңырау» телекөпірі кезінде сарбаздар өздерінің жақындарын көріп, әскери қызметтен алған әсерлерін және меңгерген жетістіктерін айтты.
Бөлім басшылығы ұсынған ақпарат та ерекше қызығушылық тудырды. Бригада командирі полковник Нұрлан Кәрібаев десантшылар қызметінің ерекшеліктерін сөз етсе, бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Талғат Құлманов демалысты ұйымдастыру және әлеуметтік қамсыздандыру жөнінде айтып өтті. Одан өзге бригада басшылығы мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді, оның ішінде дала жағдайында тамақтандыру мәселелерін, сондай-ақ жауынгерлердің денсаулығын қорғау төңірегінде өткізілетін міндетті іс-шараларды талқылады. Алдағы уақытта Қарулы күштердің барлық әскери бөлімдерінде «Отбасымен бейнеқоңырау» тұрақты түрде іске қосылатын болады.
Айта кету керек, соңғы уақытта әскери сала жиі сынға ұшырап жатыр. Аман-сау кеткен сарбаздардың табытпен оралуы қоғамда үлкен талқылауға сеп болуда. Бұл бір немесе екі рет болған жағдай емес. Тіпті, саны көбейіп келе жатыр. Мұның себебін әркім әртүрлі топшылайды. Жауапты шенділер сарбаздардың әскери қызметке психологиялық тұрғыда дайын емесін алға тартса, ата-аналар тарапы сарбаздар арасында ақша жинау белең алып бара жатқанын айтады. Дегенмен арада біраз уақыт өтсе де сарбаздардың неліктен өзіне қол жұмсағаны ашық айтылған жоқ. Жуырда Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев «Бізге 18 жастағы жігіттер әскери борышын өтеуге келеді. Арасында, өкінішке қарай, мойнында 9 миллион теңге тұрмыстық және басқа да кредиті бар сарбаздар болды. Бұл – суицидтің бір ғана себебі. Яғни, бұдан да бөлек әлеуметтік проблемалар бар. Әр оқиған жеке алып қарау керек. Себебін жалпылама айтуға болмайды» деген болатын. Жоғарыда аталған бастама ахуалдың оңалуына әсер ете ме? Анығын уақыт көрсетеді…