ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Еліміздің басты құжаты Ата заңымызға биыл – 27 жыл. Осы уақыт ішінде ҚР Конституциясы ынтымақ пен ырыс дарыған, береке мен бірлігі бекіген тірлігіміздің тірегіне айналды.

Мемлекеттік биліктің, экономиканың, әлеуметтің әлеуеттік жағдайының жақсарып, өзге де салалардың қалыптасуына жол ашқан айтулы мерекені шымкенттіктер айрықша атап өтті. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен ұлықтау дәстүріне елге белгілі зиялы қауым, мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымдарының өкілдері, мәдениет майталмандары шақырылды. Түркістан сарайы сахнасында Ұлы Дала заңына бағынған қазақтың бейнесі Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды үш бидің әділ шешім орнатқан дәуірі көрсетілді. Көк туымыз желбіреп, Елтаңба ардақталды, Әнұран да шырқалды.
Жиынды құттықтау сөзімен ашқан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов барша қазақстандықтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің кепілі болып отырған Конституцияның қалыптасу тарихына, Ата заңымыздың елімізді өркендетудегі рөліне тоқталды. «27 жыл қолданыста болған Ата заңымыз мемлекетімізді биік белестерге жеткізіп, елімізді беделді әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесіне айналдырды. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Ата Заңымызға ұсынылған өзгерістерді республикалық референдумда азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум нәтижесі саяси жаңғыру символына айналып, Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміздің бекем екенін көрсетті. Жаңартылған Конституция биліктің барлық институттары қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырып, халық пен билікті одан әрі жақындата түсетін болады» деді шаһар басшысы.
Мерекелік шара барысында әр салаға еңбегі сіңген азаматтар марапатталды. Одан соң «Алашұлы» тобы, Шымкент қалалық мәдениет үйі өнерпаздары, «Қаратау» фольклорлық ансамблі, Опера және балет театрының симфониялық оркестрі және «Қазына» би ансамблі өнер көрсетіп, жиналған жұрттың көңілін көтерді.