БАСПАНА БАҒАСЫ БОЙЫНША ӘЛЕМДІК РЕЙТИНГ ЖАСАЛДЫ
Қазақстан қай орыннан көрінді?
Қазақ қоғамындағы ең өзекті мәселенің бірі – баспана. Бүгінде пәтер жағалаған азамат көп. Маусым сайын сұраныстың артып жатқаны тағы белгілі. Жасыратыны жоқ, баспана бағасы да, оны жалға алу құны да жыл өткен сайын өсіп барады. Ал еліміздің халықаралық деңгейдегі көрсеткіштері қандай? Әлемдік статистика не дейді? Саралайық…
Еліміздегі орташа жалақыны ескерсек, тұрғын үйге деген қолжетімділік көрсеткіші жоғары деуге болады. Тіпті, ТМД елдерінің көрсеткіштерінен асып жығылады. Еліміздегі баспана құнының өсуіне қарамастан, Қазақстан әлі де тұрғын үй бағасы арзан елдердің қатарына кіреді. Numbeo мәліметінше, Қазақстан баспана бағасы ең төмен 10 елдің ішіне еніп отыр. Елімізде қала орталығындағы тұрғын үйдің бір шаршы метрі орташа есеппен 927,2 АҚШ долларын құрайды. Бұл көрсеткішпен 106 елдің ішінде 10-орынға жайғасып отырмыз. Бір қызығы, баспана бағасы ең төмен 10 елдің ішінде Қазақстаннан өзге ТМД мемлекеттері жоқ.
Ал жалпы көрсеткіштерге сенсек, ең арзан баспаналар әл-ауқаты төмен және дамымаған елдерде тіркеліп отыр. Мәселен, алғашқы үштікке шаршы метріне 585 АҚШ долларымен Пәкістан, 618,2 АҚШ долларымен Египет және 672,1 АҚШ долларымен Венесуэла кірген. ТМД елдеріне ойыссақ, Қазақстаннан кейінгі орында Молдова тұр. Онда тұрғын үйдің шаршы метрі орташа есеппен 1047,9 АҚШ долларынан саудаланады. Ал Өзбекстандағы орташа көрсеткіш – 1083,4 АҚШ долларына тең. Қарап отырсақ, жоғарыда аты аталған екі елдегі халықтың орташа табысы Қазақстаннан әлдеқайда төмен. Солтүстіктегі көршіміз рейтингте 76-орыннан көрінді. Ресейдегі орташа баға – шаршы метріне 3258,2 АҚШ долларын құрайды. Ал әлемдегі ең қымбат баспана Гонконг, Сингапур және Оңтүстік Кореяда тіркелген.
Бір қызығы, елімізде баспана бағасы арзан болумен қатар, салыстырмалы түрде халыққа қолжетімді болып шықты. Мәселен, тізімге енген 106 елдің «таза» айлық жалақысымен қала орталығынан тұрғын үй сатып мүмкіндігін салыстырсақ, үй бағасы арзан елдердің ешбірі қолжетімділік рейтингінде алдыңғы қатарда емес. Ал еліміздің көрсеткіші жақсы және ТМД мемлекеттерінің ішінде ең жоғары нәтижеге ие. Нақтырақ айтсақ, қолжетімділік бойынша еліміз 31-орынға жайғасып отыр. Республикамызда «таза» жалақыға қала орталығынан орташа есеппен 0,45 шаршы метр сатып алуға болады. Еліміздің көрсеткіштеріне жақын дамыған елдердің қатарында Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Испания, Финляндия, Канада, Швейцария сынды алпауыттар бар. Ал ТМД елдері арасында жеткілікті жақсы қолжетімділік Молдовада тіркелген. Онда таза жалақыға 0,38 шаршы метр үй алуға болады. Ал ең нащар көрсеткіштің көшін Армения бастап тұр. Онда таза жалақы 0,21 шаршы метр үй алуға ғана жетеді. Ал ең төменгі көрсеткіштер 0,09 шаршы метрмен Гонконгта, 0,1 шаршы метрмен Шри-Ланкада және 0,11 шаршы метрмен Қытайда тіркелген.
Қош делік, «таза» жалақыны баршаның бірдей алмасы тағы белгілі. Осы тұста қазақстандықтардың ішінде тұрғын үйге аса мұқтаж әрі әлеуметтік жағынан осал азаматтар бар. Бұл жағдайда мемлекеттік бағдарламалар көмекке келеді. Жалпы алғанда, ҚР-да мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары, бір жағынан, халықтың жылжымайтын мүлікке сұранысын қамтамасыз етсе, екінші жағынан, тұрғын үй құрылысының дамуы мен өсуіне әсер етеді. Осылайша, Қазақстанда 2015 жылы «Нұрлы Жер» бағдарламасы іске қосылғаннан кейін тұрғын үй құрылысының қарқынды өсуі және тиісінше, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарында көзделген урбанизацияның дамуы басталды. Сол кезде пайдалануға берілген тұрғын үй алаңдарының өсімі жылына 18,9%-ды құрап, 8,9 млн шаршы метрге дейін жетті. Нәтижесінде дағдарысқа, соның ішінде санкцияларға, коронавирусқа және басқа да мәселелерге қарамастан еліміздегі тұрғын үй құрылысының өсу қарқыны сақталып отыр. Мысалы, 2021 жылы 17,1 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 11,4% артық. Тіпті 2020 жылғы коронавирус пандемиясында да 16,7% өсім болып, 15,3 млн шаршы метрге дейін жеткен. Мұның өзі мемлекеттік бағдарламалардың тұрғын үй құрылысы нарығының драйвері бола отырып, тұрғын үйге қолжетімділікті белгілі бір деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік беріп отырғанын аңғартады.
Осы тұста айта кетерлігі, Numbeo рейтингінде үй бағасының тұрақты қымбаттауына қарамастан Қазақстан әлемдегі үй бағасы ең арзан елдердің бірі, сонымен қатар баспананың қолжетімділігі де жоғары. Негізі тұрғын үй бағасының күрт өсуі әлемдік тренд екенін және Қазақстан да бұдан тыс қалмағанын ескерсек, бұл таңқаларлық емес. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта құрылыс материалдарының қымбаттауы, жалпы инфляцияның өсуі бүкіл әлемде байқалып отыр. Мәселен, биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағасы былтырғыдан 16,8% қымбаттады. Осы кезеңде Қазақстанда жылдық инфляция 9,8%-ды құрады. Салыстырар болсақ, Еуроодақтағы ең табысты елдердің бірі Чехияда инфляция көрсеткіші 11,2 пайыз көлемінде сақталып отыр. Ал тұрғын үй бағасы 18,1 пайызға қымбаттаған. Словакияда инфляция 9,3 пайызды құрайды. Ал тұрғын үй бағасы 15,4 пайызға өскен. Түркиядағы жағдай тіпті ауыр. Инфляция 54,8 пайызды құраса, тұрғын бағасының өсімі 30,3 пайыз шамасында болып отыр. Осының бәрін ескерсек, еліміздегі тұрғын үй құрылысы саласының жағдайы аса ауыр емесіне көзіміз айқын жетеді.
Десе де еліміздегі орташа айлық жалақының мөлшерімен келіспейтін азаматтар көп. Халықтың көп бөлігі ресми орташа айлық жалақыдан аз ақшаға күнелтіп келеді. Қала берді, мемлекеттік бағдарламалардың шарттары да баршаға бірдей қолайлы емес. Әлемдік көрсеткіш қалай өзгерсе де, қазақстандықтардың баспанаға қолы жетпей келе жатқаны бесенеден белгілі. Нарыққа иек артамыз, ал баға өсу үстіне өсіп барады. Себебін әркім әртүрлі түсіндіреді. Бірі импортқа тәуелділікке әкеп тірейді. Енді бірі құрылыс нарығындағы қымбатшылықты алға тартады…
Ж.БАЛАУСА