ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Осы аптада Түркістан облысының әкімі тағайындалды. Түркістан облыстық мәслихатының сессиясына Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайылов қатысқан болатын. Сессияда әкім қызметіне екі кандидат ұсынылды.
Оның бірі Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дархан Сатыбалды болса, екіншісі – Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков. Халық қалаулыларының басым бөлігі Дархан Сатыбалдының кандидатурасын қолдап дауыс берді.
Дархан Сатыбалды 1974 жылы Сарыағаш ауданында туған. С.Сейфуллин атындағы Ақмола ауылшаруашылық институтын, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. Мамандығы – экономист-менеджер, заңгер. Еңбек жолында ҚР премьер-министрі Кеңсесі бөлім меңгерушісінің орынбасары, Шымкент қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып еңбек етті. Шымкент қаласынан Сенат депутаты болып сайланған. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. «Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
«Уақыт».