ТОЛҒАҚТЫ МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ
Осы аптада Шымкент қаласына қарасты бірнеше өңірде тұрғындарды мазалап келген өзекті мәселелер шешімін тапты. Атап айтқанда, Сәуле шағынауданы, 276-орам тұрғындарына сапалы электр жарығы берілді. Бұл өңірде аталған инфрақұрылыммен қамту жұмыстары 2021 жылы басталған болатын. Ал тұрғындар бұған дейін электр қуатын жекеменшік желіден алып келген. Енді тұрғындар 1кВт электр энергиясына бұрынғыдай 28 теңге емес, 16 теңге төлейді.
Мұнда 918 электр бағанасы орнатылып, 72 шақырым электр желісі тартылды. Нәтижесінде 1300-ден астам абоненттің мемлекеттік жарықты қолдануына мүмкіндік туды. Осындай ізгі іске ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Берік Бекжанов, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев, сондай-ақ қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері куә болды. Ал, халық жүрекжарды лебіздерін жолдап, алғыс айтты. Өңірде инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жоғары қарқынмен жүзеге асып келеді. Өткен жылы ауыз су құбырларын тарту аяқталған. Ал биыл табиғи газ жеткізуде 28 шақырымдық құбыр орнатылып, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Ал Әл-Фараби ауданына қарасты Бадам-195 орамға газ берілді. Салтанатты шараға Мәжіліс депутаттары Берік Бекжанов, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев және AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Аталған орамда 800-ден астам үй қоныс тепкен. Нақты 4140 адам тұрады. Көгілдір отынға қол жеткізген халық енді көмір тасып, күл шығармайтын болдық деп, қуанып отыр. Жалпы шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, Әл-Фараби ауданына қарасты Бадам-195 орамды газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталған болатын. Былтыр жалпы ұзындығы 19,9 шақырымды құрайтын ішкі газ жүйелері тартылып, жұмыстар 100 %-ға аяқталған. Құжаттары дайын болған тұрғындар газды үйді-үйлеріне кіргізіп алуда.