«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ҚАЛАЛЫҚ КЕЗЕҢІ АЯҚТАЛДЫ
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің қорытындысы мәлім болды. Аталған байқау – отбасылық құндылықтарды, үлкен мен кішінің бір шаңырақ астында үйлесімді өмір сүруін, ата-ананың жауапкершілігін насихаттайтын, ұрпақтар сабақтастығын жастарға ұқтыратын маңызы зор бастама. Бұған дейін де бұл байқау жөнінде тарқата жазғанбыз. Енді міне қалалық кезеңнің жеңімпаздары анықталып отыр.
Аталған байқаудың марапаттау кешінде Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов «Халқымызда «Отан – отбасыдан басталады» деген ұлағатты сөз бар. Себебі отбасы қай заманда болсын ел болашағы – жастарды тәрбиелейтін ыстық ұя. Сондықтан отбасы институтының іргесін нығайту арқылы Қазақстанның болашағын жарқын ете аламыз. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының мақсаты — үлгілі отбасыларды анықтап, оларды өзгелерге өнеге ету, ұлттық салт-дәстүріміз бен отбасы құндылықтарын насихаттау, сол арқылы Отаншыл әрі ізгі ұрпақ тәрбиелеу» деп бастаманың маңызы мен өзектілігіне тоқталып өтті. Басқарма басшысының сөзінше, халқымыз ежелден ұлттық және отбасылық дәстүрлерді берік ұстанады. Бұл қоғамдағы рухани құндылықтардың сақталуына оң ықпал етіп келе жатыр. Сондықтан бұл іс-шараны Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі деуге әбден болады.
«Мерейлі отбасы» байқауы басталған уақыттан бері оған мыңға жуық отбасы қатысқан. Биылғы додаға үшінші мегаполистен қатысуға 128 отбасы өтінім берген. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, Алтын алқа, Күміс алқа иегерлері, жас отбасылар, мәдениет пен спорт саласының үздіктері, кәсіпкерлер, меценаттар және ұлағатты ұстаздардың да отбасылары бар. Байқау шарты бойынша, әр ауданнан 4 отбасыдан іріктеліп, қалалық кезеңге жолдама алды. Нәтижесінде комиссия шешімімен, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Біржан Жақыпов секілді спортшыны өсірген Жақыповтар отбасы жеңімпаз деп танылып, республикалық кезеңге жолдама алып отыр.
Спортшының әкесі Жақып Құттыбеков қазіргі уақытта жекеменшік спорт мектебінің директоры қызметінде. Анасы Қарлығаш Зәуірбекова – ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісіне арнаған ұлағатты ұстаз. 40 жылдық ғұмырын білім саласына арнаған ұстаз бүгінде құрметті еңбек демалысында. Асқар тау әке мен ақ жаулықты ана 4 перзент өсіріп, 15 немере сүйіп отыр. Марапаттау кешінде жеңімпаздар мен қатысушыларға қала әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табысталды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.