ЖОЛ САПАСЫ БАҚЫЛАУДА

Шымкент қаласында жол құрылысы қарқынды жүруде. Жол құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында бекітілген жоспарға сәйкес, жыл сайын орташа жөндеу жұмыстары бойынша қаланың орталық магистралды көшелерімен қатар, аудандық маңызы бар ішкі орамдық көшелер басты назарға алынады.

Аталған жоспар негізінде жүзеге асып жасып жатқан жұмыстар қарқын алған. Мәселен, Еңбекші ауданы Айнатас тұрғын алабының Бесқұлан, Сарыөзен, Желді, Ақшығанақ, Құмтөкей, Көкорда, Шоқтас, Озыген, Бестерек көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыстар тамыз айының соңына дейін толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі. Тұрғын алаптағы асфальт төселген жолдың жалпы ұзындығы 5 шақырымнан асады.

Ал Абай ауданы Ақжар шағын ауданындағы 1,8 шақырымды құрайтын Мұратбаев көшесіне және Мұратбаев көшесінің тұйығы № 1,2,3 көшелеріне асфальтбетон қабатының екінші қабатын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстарды тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланған, төселген асфальттың қалыңдығы 10 см құрады. Сонымен қатар көшеге бір жақтама аяқ жол салынады. Айта кету керек, орташа жөндеу жұмыстары бойынша бүгінде 91 нысан — 202 көшенің жөндеу жұмыстары аяқталды. Атқарылып жатқан жұмыстардың жайын шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің өзі бақылап, орын алған кемшіліктер бойынша тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр. Нәтижесінде биыл қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі біршама өсіп, тұрғындарды толғандырған мәселелердің біразы шешімін табатын болады.