БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНҒАН ЖИЫН ӨТТІ

Шымкент қаласында білім саласының өзекті мәселелері сөз болған маңызды жиын өтті. Педагогтердің дәстүрлі республикалық тамыз конференциясы-2022 шеңберінде «Үлгерімі төмен білім алушылармен жұмыс: оқушыға қалай көмектесу керек?» бағытында «Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуы» секциясының жұмысы ұйымдастырылды. Шараның жоғары деңгейде өтуіне «Өрлеу «Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының» Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша филиалы ұйытқы болды.

Аталған жиын үлгерімі нашар білім алушылармен жұмыс істеуде педагогтерді қолдау арқылы білім беру сапасын арттыру аспектілері бойынша педагогтер, зерттеушілер, жұртшылық арасында тиімді диалог орнату мақсатын көздейді. Жиынға орта мектептер мен колледждердің басшылары мен педагогтері, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер, ЖОО профессорлық-оқытушылық құрамы, сондай-ақ «Сорос-Қазақстан» қорының және басқа да үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Өзге де ата-аналар, педагогтер мен сынып жетекшілеріне жиынды онлайн форматта тамашалау мүмкіндігі де берілді.

Жиынды М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова мен Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шамшиева ашып берді. Ал Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева «Шымкент қаласының білім беру кеңістігі: жетістіктері, бағдарлары, міндеттері» тақырыбында, педагогикалық еңбек ардагері, «ҚР-ның республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің филиалы «Шымкент қалалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі Баян Жандосова «Педагогтардың ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалармен және олардың ата-аналарымен өзара әрекетінің этикалық және кәсіби аспектілері» тақырыбында баяндама оқыды.

Бұдан бөлек, презентациялық практикалар шеңберінде үлгерімі төмен оқушылармен педагогтер және психологтардың өзекті жұмыс тәжірибесі ұсынылды. Сондай-ақ қатысушылар үлгерімі төмен оқушыларға қолдау көрсету үшін әдістемелік және нормативтік-құқықтық ұсынымдарды талқылады.