БАЛЫҚ ӨСІРУ ПАЙДАҒА БАТЫРАДЫ
Биологиялық әртүрлілікті сақтау – «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында межеленген міндеттің бірі. Осы мақсатта облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан төмендегідей кешенді жұмыстар атқарылған.
Түркістан облысында аталған басқармаға қарасты 7 орман шаруашылығы бар. Олар республикалық «Ақсу Жабағылы», «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорықтары, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Охотзоопром» ӨБ РҚК, Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы. Бұл коммуналдық мемлекеттік мекемелері облыс аумағында мекендейтін жануарлар дүниесін молайту және қорғау бағытында жұмыс істейді.
Одан өзге өңірде балық шаруашылығы саласы бойынша «Арал-Сырдария» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы жұмыс атқарады. Қазіргі таңда облыста жиыны 134 бірлікке жететін балық өсіруге (акваөсіру) жарамды көл бар. Олардың жалпы аумағы 149 786 га құрайды. Оның ішінде 126 су айдыны заңдастырылып, 88 су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға облыс әкімдігінің қаулысымен бекітіліп берілді. Бұдан бөлек, жасанды жағдайда (тоған, тұйық қондырғыларда) балық өсірумен айналысатын 46 жеке және заңды тұлғалар тіркелген.
Жалпы балық шаруашылығын ілгерілете алсақ одан келер пайда шаш етектен. Осыған орай Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің тапсырмасына сәйкес, облыста «Түркістан облысының балық шаруашылығын дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» бекітілді. Бағдарлама балық өндірісін ұлғайту, жеке қосалқы шаруашылықта балық шаруашылығын дамыту, балық өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету және қуаттылығын 100% жеткізу, өңделген, құны жоғары бәсекеге қабілетті балық өнімдерінің экспортын ұлғайту, балықтардың тіршілік ету ортасын сақтау, су ресурстарын тиімді басқару және осы бағытта білікті мамандар қатарын арттыру болып табылады.
Айта кетейік, былтыр балық шаруашылығы үшін 362,2 млн теңге бөлініп, түскен өтінімдерга сәйкес, мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Нәтижесінде балық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі артып, 2021 жылы тауарлы балық өсіру көлемі 5706,9 тоннаға жетіп, 3128,0 тонна балық өнімдері экспортқа жөнелтілді. Балық өсіру көлемі жағынан өткен жылы Түркістан облысы республика көлемінде көшбасшы болды. Бұл көрсеткішпен тоқтап қалмау қажет. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін облыста 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, балық өнімдері экспортының өсімін – 2 есеге, яғни 7 мың тоннаға, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 100%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Осыған байланысты, облыстың аудан, қалаларында балық шаруашылығымен айналысатын тауар өндірушілердің балық өсіру әлеуеті есептеліп, ағымдағы жылы тауарлы балық өсіру көлемін 6112 тоннаға жеткізу межесі бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бұл үшін мүмкіндіктер көкжиегін кеңейтіп, шаруаларды қолдау, қуаттау бойынша нақты істер қолға алынған. Тиісінше тауарлы балық шаруашылығын субсидиялау қағидасына өзгерістер енгізілген. Бұрын балықтың 3 түріне субсидия берілсе, қазір 7 түріне субсидия беру қарастырылуда. Атап айтқанда, бекіре, албырт, тұқы, жайын, цихлид, лат, араван тұқымдасын өсіру кезінде пайдаланылатын азықтарды сатып алу шығыстарының 30 (отыз) пайызы субсидияланса, балық өсіру материалы, биологиялық негіздеме мен дәрілік препараттарды сатып алу шығыстарының 50 пайызы субсидияланады.