ТҮРКІСТАНДА САЯБАҚТАР МЕН АЛЛЕЯЛАРДЫҢ АУМАҒЫ 495 ГЕКТАРҒА ЖЕТКЕН

Былтыр мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеген болатын. Жобада межеленген міндеттердің орындалу мерзімі 2021-2025 жылдарды қамтиды. Аталған ведомства әзірлеген жоба өткен жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында қабылданып, бекітілген.

Жобаның мақсаты не? Ең алдымен экологиялық жағдайды жақсарту үшін атмосфералық ауа сапасын жақсарту, суды тиімді және ұқыпты пайдалануды жолға қою, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлері мен ихтиофаунаның санын ұлғайту, жасыл екпелер алаңын ұлғайту және халықтың экологиялық санасын жаңғырту болып табылады.
Халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруды мақсат еткен «Жасыл Қазақстан» жобасы 4 негізгі бағыттан тұрады.
Бірінші бағыты «Таза Қазақстан». Бұл бағыт бойынша еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды тиімді басқару және су нысандарының экожүйелерін сақтау мәселелерін шешуге екпін түсіріледі.
Екінші бағытта суды үнемді пайдалану көзделіп отыр. Бұл үшін 401 арнайы реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезінде су шығынын 4 км 3 қысқарту жоспарлануда. Бұл бағытта су ресурстарын басқаруды жақсарту және су тапшылығына жол бермеу жөніндегі шаралар мақсат етілген.
Үшінші «Табиғат» бағыты шеңберінде өмір сүру деңгейі 65%-дан кем емес 2 млрд түп ағаш отырғызу жөніндегі Президент тапсырмасын іске асыру, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерінің санын қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүргізу көзделеді.
«Экология болашағы» атты төртінші бағыт халықтың экоқұрылымы мен мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған.
Бұл бағытта Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар ретіне тоқталайық.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд түп ағаш көшеттерін отырғызу туралы тапсырма берген болатын. Бұл тапсырма аясында атқарылатын жұмыстар «Жасыл Қазақстан» жобасының «Табиғат» бағытына енгізілген. Бұл міндетті орындау үшін еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыс әкімдігі бірлесіп кешенді жоспар әзірленді. Кешенді жоспарға сәйкес Түркістан облысы бойынша бес жылда 132 мың гектар жерге 210,0 млн.-нан аса ағаш көшеттерін отырғызу міндеті алға қойылған.
Егілген орман ағаштарының бірінші, екінші жылдарында 25 пайызының жерсінбей қурап қалуы табиғи заңды құбылыс. Себебі, Түркістан қаласының климаты күрт континетальды. Қураған ағаштарды қайта жаңғырту мақсатында орман екпелерін толықтыру жұмыстарын жүргізу, екпелерді құру процесінің кезекті тармағы болып есептелінеді. Ғылыми-зерттеу институтының берген қорытындысына сәйкес, мәдени орман екпелерінің көнімділігі 55%-ды құрайтындығы дәлелденген. Алайда Түркістан қаласы экологиялық аймаққа енгізілгенімен, қазіргі таңда қала айналасындағы жасыл екпелердің көнімділігі 65-75 пайызды құрап отыр.
Жалпы мемлекет басшысының бес жыл ішінде ел аумағында 2 млрд түп ағаш көшеттерін отырғызу туралы тапсырмасының қоғамның әдеуметтік-экономикалық дамуы үшін мәні зор.
Мәселен, бір гектар орман жылына 18 млн. текше метр ауаны тазартып, 1 сағат ішінде 8 кг көмір қышқыл газын сіңіреді. Бұл 200 адамның 1 сағатта бөліп шығаратын көмір қышқыл газының көлемімен тең.
Таза ауа – адамзаттың тіршілігі мен денсаулығының тірегі. Бүгінде, Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемін арттыру жұмыстары мықтап қолға алынған.
Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы берген мәліметке сүйенсек аймақтағы саябақтар мен аллеялардың аумағы 495 гектарға жеткен. Тиісінше арық-атыздар қалпына келтіріліп, газондар көптеп егілуде. Бұл ретте көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану жемісті нәтижесін беруде.
Облыс орталығы Түркістан қаласының экологиялық сапасы анағұрлым жақсарып келеді. «Казгидромет»-тің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген. Бұған су жүйелерін жаңғырту, жасыл алқаптардың көбеюі, қаланың толықтай табиғи газ жүйесіне қосылуы оң әсерін беріп отыр.
Қазіргі таңда қаладағы жеке сектордағы және көпқабатты тұрғын үйлердің 90%-дан астамы табиғи газға қосылды. Алдағы уақытта қаланың экологиялық күйін жақсартатын осы және өзге де жұмыстар жалғасатын таба бермек.
Орман табиғат өкпесі. Сондықтан да табиғатты қорғауда орман шаркашылығына көңіл бөлудің көмегі орасан. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен соңғы үш жылда орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасы мен штаттық бірліктер саны 2 есеге ұлғайды. 2018 жылы орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлерінің саны 707 бірлік болса, бүгінгі күні 1332 бірлікке жетіп, 88,4%-ға, техникалар саны 2018 жылы 306 дана болса, қазіргі таңда 443 данаға жетіп, 44,8 %-ға өсті.
Облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 30 млн данадан астам әртүрлі орман ағаштарының көшеттері өсірілуде. Алдағы уақытта өндірілетін көшеттер санын 60 млн.-ға жеткізу жоспарлануда.
Бұл өз кезегінде облыстың елді мекендері мен басқа да көрнекті жерлерін артық қаржы жұмсамай орман шаруашылығы мекемелерінің күшімен көгалдандыруға, экологияның тұрақтануына оң әсерін тигізетін болады.