ШЫРАЙЛЫ ШЫМКЕНТ ПЕН МАҢҒАЗ МАҢҒЫСТАУ АРАСЫНДАҒЫ ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫС НЫҒАЙМАҚ

Өткен апта Шымкент үшін айтулы да айшықты жаңалықтарға толы болды. Мәселен, қала әкімі Мұрат Әйтенов Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесті. Шаһар басшысы еліміздің мұнайлы өлкесі және ірі туристік орталықтарының бірі – Маңғыстау төрінде іскерлік кездесу өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Жиынның мақсаты – Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысы арасында екіжақты ынтымақтастықты нығайтып, туристер санын арттыру бойынша бірлесе жұмыс істеу.

 

Жиын барысында екі тарап өңіраралық туризм саласын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. “Rixos Khadisha Shymkent” пен “Rixos Water World Aktau” қонақ үйлері және “Garant Tour” туристік компаниясы мен “Aizhelken group” ЖШС арасында да екіжақты келісім орнады. Шымкент қаласының әкімі өз сөзінде қазіргі таңда әлемде орын алған пандемияға байланысты ішкі туристік өнімдерге сұраныс өскенін атап өтті. Ресми статистика бойынша, 2021 жылы еліміздегі ішкі туристер ағыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 53%-ға артқанын сөзге тиек етті. “Visit Shymkent” туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өткен “Бақытты қалаға саяхат” байқауында Ақтау тұрғыны ұтып, Шымкент қаласына 2 күндік тегін саяхат жасағанын да тілге тиек етті. Айта кету керек, Шымкентке Әз Наурыз мерекесі қарсаңында алғаш рет келген ақтаулық тұрғын, қаладағы тарихи және мәдени нысандармен, сондай-ақ қала өмірімен танысып, “ДәмДәсTour” ресторандар жәрмеңкесі арқылы шаһардың гастрономиясымен де танысқан еді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та кездесу екі өңірдің арасында отандық туризм саласында өзара тиімді қарым-қатынастар географиясын кеңейтуге, туризм индустриясында шағын және орта бизнестің дамуына, туристік қоғамдастық арасында байланысты біріктіру мен нығайтуға оң ықпал ететіндігіне сенім білдірді. Міне, осылайша алдағы уақытта шырайлы шаһар мен маңғаз өңірдің арасындағы іскерлік қатынас дамып, туристер ағыны артпақ.